Қостанай облысындағы "ИНСПЭК" ЖШС-де малды жоспарлы тексеру кезінде бруцеллез анықталды. Шаруашылық аумағында 10 қаңтардан бастап шектеу шаралары енгізілді, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен.
"2024 жылға арналған серологиялық зерттеулер жоспарына сәйкес "ИНСПЭК" ЖШС-де 2 мыңнан астам ІҚМ басы зерттелді, олардың 53-і оң нәтиже берді. Шаруашылықтың мәртебесін анықтау мақсатында қосымша диагностикалық зерттеулер жүргізілді, оның нәтижелері бойынша бруцеллезбен ауырған 95 бас ІҚМ анықталды. Ветеринариялық-санитариялық қағидаларға сәйкес барлық жануарлар санитариялық союға тапсырылды", - деп хабарлады АШМ-де.
Шаруашылықта 13 200 шаршы метр алаңында дезинфекция жүргізілді. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Республикалық эпизоотияға қарсы жасағының қызметкерлері сауықтыру іс-шараларын жүргізуде. Жағдай ветеринарлық қызметтің бақылауында.
Сонымен қатар, АШМ Қазақстанда ІҚМ бруцеллезімен сырқаттанушылық тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын хабарлады. Соңғы үш жылда инфекция 0,08%-дан аспайды.
"2024 жылдың қорытындысы бойынша ел аумағында бруцеллез бойынша қолайсыз пункттерді тіркеудің 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ға төмендеуі байқалады", - деп атап өтті АШМ-де.