Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнімнің үлесін үш жылда 70% - ға дейін жеткізуді тапсырды. Бұл бағытта үкімет бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп жұмыс жүргізуі керек, деді мемлекет басшысы "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде.
ҚР президенті елімізде АӨК импортына тәуелділікті төмендету бойынша ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатқанын атап өтті.
"Таяу уақытта өндіріс көлемі жылына 600 мың тоннаға дейін 115 сүт фермасы және жалпы қуаттылығы жылына 120 мың тоннаға дейін 15 ірі құс фабрикасы салынатын болады. Бұл жай сандар емес, нақты міндеттер. Әрбір осындай ауқымды жобаны іске асыру ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді, өңірлерді дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Сіздер жақсы білесіздер, мен бұл мәселеге әрдайым ерекше көңіл бөлемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ауылды жан-жақты дамыту басым міндет екенін атап өтті. Сондықтан биыл "Ауыл аманаты" жобасы іске асырыла бастады.
"Ауыл тұрғындары үшін шағын несиелерге 100 млрд теңге бөлінеді. Бұл 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Келесі жылы шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай кешенді бағдарламасы іске қосылады. Осылайша, мемлекет жоғары өндірістік және экспортқа бағдарланған әлеуеті бар кәсіпкерлерге қолдау көрсететін болады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.