Қазақстан АШМ балансында төрт ақпараттық жүйе бар: Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі, "Ауыл аманаты" ақпараттық жүйесі, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, "e-Agriculture" АӨК салаларын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі. Қазіргі уақытта тағы екі ақпараттық жүйені іске қосу жоспарлануда. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.
"IT-құралдарды енгізу ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Цифрландырудың арқасында ауыл шаруашылығында өндіріс көлемін ұлғайту, елдің экспорттық әлеуетін арттыру үшін жағдайлар жасалуда", - деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов.
2023 жылы іске қосылған субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы 14 бағыт бойынша мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде. Жүйеде қызмет алушылар ретінде 90 мыңнан астам пайдаланушы, 350-ден астам қаржы институттары тіркелген. 2024 жылы МАСЖ арқылы 123 мыңнан астам өтінім берілді, 67 мың өтінім мақұлданды, 40 858 өтінім қаралуда.
Сондай-ақ АШМ-де "Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша шағын несиелендірудің ақпараттық жүйесі әзірленді. Несиелеу процестерін автоматтандыру онлайн-режимде өтінімдерді беруді қамтамасыз етуге, шағын несие беру процестерін жеделдетуге және оңтайландыруға, шешім қабылдауға адам факторларының қатысуын азайтуға, сондай-ақ деректерге егжей-тегжейлі мониторинг пен талдау жүргізуге мүмкіндік береді.
Мал шаруашылығында қадағалауды қамтамасыз ету үшін барлық өмірлік циклді (оның ішінде мал шаруашылығы өнімдерін) автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде, "Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру", "Агроөнеркәсіптік кешен салаларын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі" ақпараттық жүйелері пайдаланылады.
Қазіргі уақытта өсімдік шаруашылығын бақылаудың жаңа ақпараттық жүйесі енгізілуде. Бұл "егістіктен үстелге дейін" қағидаты бойынша агроөнеркәсіптік өнімнің өндірісі мен шығу циклін қадағалауға, өсімдік шаруашылығында өндірілетін өніммен субсидиялардың әсерін бағалауға мүмкіндік береді.
АӨК цифрландырудың соңғы кезеңі "Е-АӨК" платформасын енгізу болады.
"Ауыл шаруашылығын цифрландыруға кешенді тәсілді қамтамасыз ету және агроөнеркәсіптік кешеннің бірыңғай цифрлық платформасын құру мақсатында барлық бизнес-процестерді толық автоматтандыру және цифрландыру жолымен ауыл шаруашылығы саласын цифрлық трансформациялауды жүргізу шеңберінде ауыл шаруашылығындағы барлық қолда бар ақпараттық жүйелерді біріктіру жоспарлануда", - деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігінде.