Түркістан облысының полицейлері 10 млн теңгеге мал ұрлауға қатысы бар мал ұрлаушылар тобын ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Түркістан облысы полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Төлеби ауданының полицейлерімен бірлесіп, жедел әзірлік нәтижесінде облыс аумағында мал ұрлығымен және ет өнімдерін өткізумен айналысатын адамдар тобының қылмыстық әрекетін тоқтатты.
"Жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар кешенін өткізу барысында біз Қазығұрт және Төлеби аудандарында мал ұрлығына қатысы бар алты күдіктіден тұратын мал ұрлаушылар тобын ұстадық. Ол Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Күдіктілер алдын ала сөз байласып, мал иелері мен шопандардың жоқтығын пайдаланып, жайылымдардан ірі қара малды ұрлап, ГАЗельге тиегені анықталды. Содан кейін олар ұрланған малды Сайрам ауданында сатқан, ал алынған пайданы өзара бөліскен", - деді Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта топтың мал ұрлығының бес фактісіне қатысы бар екендігі дәлелденген. Барлығы 30-дан астам мал ұрланып, 10 млн теңгеге жуық шығын келтірілді.
Заттай дәлел ретінде ГАЗель автокөлігі, ұялы телефондар және бес сиыр тәркіленді. Күдіктілер УТИ-ға қамалды. Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 188-1-бабы "Мал ұрлығы" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Күдіктілердің басқа да ұқсас мал ұрлығына қатысы бар екені анықталды.