Кездесуде ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар Джоукар ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылады. Атап айтқанда, Қазақстан бірлескен өндірістерді іске қосу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Біз Қазақстан мен Иран арасындағы АӨК өнімдерінің инвестициялық көрсеткіштері мен тауар айналымын арттыруға ұмтыламыз. Сондай-ақ, біз еліміздің аумағында жобаларды іске асыруға мүдделі ирандық инвесторларға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. 2022 жылы біз Иранға рекордтық 1 миллион тонна астық экспорттадық. Сіздермен басқа да маңызды бағыттарда жұмыс істегім келеді", - деді Ермек Кенжеханұлы.
Кездесуде тараптардың өзара іс-қимылына негіз бола алатын негізгі салалар айқындалды. Олардың қатарында азық-түлік өндірісі, өсімдік шаруашылығы бар.
Али Акбар Джоукар Қазақстан-Иран қатынастарын одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның балық өнеркәсібіне қызығушылық білдірді.
Кездесу соңында Ермек Кенжеханұлы Иран елшісі мен әлеуетті инвесторларды қазан айында Астанада өтетін KazAgro&KazFarm халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды.