Мәжіліс Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялады.
"Ратификациялау қазақстандық тауарлар үшін Иран нарығына қол жеткізу жағдайларын жақсартуға, сондай-ақ қазақстандық экспорттың құрылымын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, тарифтік емес шаралар реттелетін болады, бұл Иранмен сауданың тұрақты және болжамды ережелерін қалыптастырады", - деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметінен.
Келісімге сәйкес тауарлардың 85%-дан астамына импорттық кедендік баждарды жою көзделген. Атап айтқанда, Келісім күшіне енгеннен кейін Қазақстан Иранға бажсыз 3 млн тоннаға дейін бидай мен 1,5 млн тонна арпа экспорттай алады.
Иран ЕЭО елдерінен жүгері, қарақұмық, шоколад, күнбағыс майы, тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге кедендік баждарды алып тастайды. Мәжілісте атап өткендей, нәтижесінде Иран нарығындағы қазақстандық тауарлардың бағасы айтарлықтай төмендейді, бұл біздің өнімдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
"Аса сезімтал тауарлар үшін ішкі нарықты қорғау мақсатында еркін сауда режимінен алып қою шамамен 13% құрайды (ІҚМ және құс еті, сүт өнімдері, қант, спирт, темекі, балалар тағамы, бал, полимерлер және мұнай-химия өнеркәсібінің өзге де тауарлары, гербицидтер, буып-түю қаптары, теміржол вагондары, тракторлар, жеңіл және жүк автомобильдері). Аталған тауарларға қатысты импорттық кедендік баждар алынатын болады", - деп хабарлады Мәжілісте.