Жамбыл облысының Байзақ ауданында "Алель Агро" АҚ құрама жем өндіру зауыты пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны 4,4 млрд теңгені құрады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Зауыт жылына 96 мың тонна жем өндіруге қабілетті және оның жұмысы құс фабрикасы өнімдерінің бағалық қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
"Облыста 2019-2021 жылдары төрт ірі құс фермасы 15,4 мың тонна құс етін өндірді. Ал 2022 жылы "Алель Агро" акционерлік қоғамының құс фабрикасы ашылды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасты, осыған байланысты кәсіпорындардың ашылуы көзделген. 2026 жылға қарай құс етін өндіруді 70 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Осылайша, аймақтың құс етімен өзін-өзі қамтамасыз ету мәселесі шешіледі деп күтілуде. Бүгін "Алель Агро" акционерлік қоғамының құс фабрикасында жылына 100 мың тоннаға жуық жем өндіретін зауыттың болашағы зор деп айтсақ, қателеспейміз", - деді Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов.
Өз кезегінде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек құрама жем өндіруге жұмсалатын шығындар 25% көлемінде субсидияланатынын атап өтті. Бұл бағытта мемлекеттік қолдаудың басқа да шаралары қаралатын болады.