Ауыл шаруашылығы министрлігі жеңілдетілген несиелер фермерлерге төмендетілген сыйақы мөлшерлемесі бойынша берілуі үшін Аграрлық несие корпорациясын субсидиялайды. Қазіргі уақытта субсидияның бұл түрі несие алғаннан кейін фермерлерге төленеді, бірақ төлемдер мерзімді кешіктіріліп отырады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров брифингте мәлімдеді.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз "Бәйтерек" холдингімен бір цифрлық платформада АӨК субъектілеріне жеңілдетілген несие беру және субсидиялау қызметтерін біріктіру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде субсидияларды Аграрлық несие корпорациясына тікелей аудару жоспарлануда, осылайша фермерге несие беру мөлшерлемесі субсидиялар кешіктірілген кезде өзгермей, әрқашан жеңілдікті болып қалады. Бұл сондай-ақ сала үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады, өйткені субсидия алушы мен мемлекеттік органның тікелей байланысы болмайды", - деді министр.
Сонымен қатар, ол ағымдағы жылы АШМ АӨК-ті қолдаудың бірқатар басқа шараларын қабылдайтынын айтты: бұл тыңайтқыштар мен техника бағасының өсуіне жол бермеу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету.
"Осы мақсатта субсидиялар АӨК субъектілерінің орнына отандық өндіруші зауыттар мен қаржы институттарына тікелей аванспен төленетін болады. Бұл субсидия алушылар мен мемлекеттік органдардың байланысын болдырмауға, ресурстар бағасының өсуін тежеуге, сондай-ақ қазақстандық өндірушілердің күш-жігерін ішкі нарықты қамтамасыз етуге шоғырландыруға мүмкіндік береді. Зауыттар үшін бұл олардың тауарларын сатудың кепілі болады", - деді Айдарбек Сапаров.