Ет өңдеу және астық өсіру бойынша бірлескен жобаларды Қазақстан мен Өзбекстан компаниялары бірлесіп іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Алматыда өткен Asia Grain Conference халықаралық конференциясында ҚР сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шакқалиев мәлімдеді.
Сауда министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, аграрлық сектордағы бірлескен жобалар Қазақстан Президентінің 2022 жылғы желтоқсандағы Ташкентке сапары барысында қол қойылған инвестициялық келісімдер мен сауда келісімшарттарын іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізілген.
"Ақмола және Қостанай облыстарының аумағында 2023 жылдың соңына дейін Өзбекстанға одан әрі экспорттау үшін дәнді және жемшөп дақылдарын бірлесіп өсіру жөніндегі жоба іске қосылады. Жақын арада өзбек тарапы жер учаскелері мен серіктестік шарттарын анықтау үшін өңірлерге баруды жоспарлап отыр", - деді Арман Шакқалиев.
Бірлескен жобалардың қатарына Түркістан облысында 20 мың бас ірі қара мал бордақылау алаңы мен ет өңдеу кешенінің, жеміс-жидек дақылдарын қайта өңдеу зауытының құрылысы да кіреді.
Бұдан басқа, жол картасында 1 млн тоннаға дейін қазақстандық астықты терең өңдеу бойынша кластер құру және "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының алаңында өсімдік майын тазарту жөніндегі жобаны іске қосу көзделген.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда ынтымақтастығын кеңейту шеңберінде UZKAZTRADE бірлескен экспорттық-импорттық компаниясы құрылды, оның үлесінің 50% қазақстандық QazTrade АҚ және 50% - өзбек UZTRADE тиесілі. Сыртқы сауда компаниясы бизнеске өнімнің өзара жеткізілімін ұлғайтуға және үшінші елдердің нарықтарына шығуға, өзара саудадағы шектеулер мен кедергілерді алып тастау жөнінде ұсыныстар әзірлеуге жәрдем көрсететін болады. Бастапқы кезеңде қазақстандық нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін Өзбекстаннан жеміс-көкөніс өнімдерін сатып алу жоспарлануда.