Ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген мемлекеттік қаражатты жұмсау аудиті 142 млрд теңгенің тиімсіз жоспарлануы мен пайдалануын анықтады. Бұл туралы Мәжілісте аудит нәтижелерін ұсынған жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді.
"Соңғы 10 жылда Ауыл шаруашылығы министрлігі бірнеше бағдарламалық құжаттарды қабылдады. Олардың көпшілігі ойдағыдай соңына жеткен жоқ. Олардың барлығы мерзімінен бұрын, жүзеге асыру жолының ортасында жойылды.
Басымдықтар үнемі өзгеріп отырды. Бұл саланы мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесін құруға кедергі келтірді. Ал бұрмаланған статистикалық деректер нақты бағдарларды құруға теріс әсер етті. Нәтижесінде жекелеген мақсатты индикаторлар тым өршіл деп танылып, соңында төмендеу бағытында түзетілді. Бірақ бұл тіпті АӨК дамыту тұжырымдамасының нысаналы индикаторларының 40%-дан астамын табысты іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермеді", - деді Әлихан Смайылов.
Жоғары аудиторлық палатаның есебінде субсидиялау жүйесіне тек бес жыл ішінде 70-тен астам өзгерістер енгізілгені атап өтілді. Субсидиялаудың нақты басымдықтары жоқ. Сарапшылардың бағалауы бойынша, қолдаудың кейбір бағыттары бойынша бытыраңқылыққа байланысты субсидиялау қажеттіліктері екі есе аз қаржыландырылды. Субсидиялар төлеуге арналған өтінімдердің көпшілігі бойынша орындалуын күту екі жылға дейін созылады.
Сондай-ақ, субсидияларды алғанға дейін немесе одан кейін өз қызметін тоқтатқан 2,5 мыңнан астам субъект 5 млрд теңге субсидия алғаны анықталды. 5,4 млрд теңгеге 3 мыңға жуық субсидия алушы АӨК субъектілері болып табылмады.
Анықталған фактілер бойынша бюджетке шамамен 2 млрд теңге өтелді. 4 факт бойынша материалдар құқық қорғау органдарына берілді, 322 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберілді.