Қостанай облысында 2024 жылдың қараша айында "Милх" ірімшік өндіретін зауытты іске қосу жоспарлануда. Жобаның құны 7,2 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Толық қуатқа шыққан кезде кәсіпорын тәулігіне 250 тоннаға дейін сүт өңдеп, қатты ірімшіктердің 20-дан астам түрін өндіретін болады. Өндіріс қуаттылығы жылына 2 мың тонна ірімшікті құрайды. Кәсіпорында 35 жұмыс орны құрылады.
АШМ ақпараты бойынша, қазіргі уақытта нысанда негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Неміс өндірісінің көптеген жабдықтары әкелінді.
"Милх" ЖШС Қостанай облысында 27 жылдан астам жұмыс істейді. Негізгі қызмет түрі - сүтті қайта өңдеу және сүт өнімдерін шығару. Қазіргі уақытта кәсіпорында 150-ден астам сүт өнімдері, соның ішінде қатты ірімшіктер мен балмұздақ шығарылады.