2024 жылы Азық-түлік корпорациясының форвардтық сатып алуды өткізуге республикалық бюджеттен 40 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Осы соманың 5 млрд теңгесі күнбағыс майы мен 1-сұрыпты күрішке арналған шикізатты үш жақты форвардтық сатып алуға бағытталатын болады. Бұл туралы Корпорацияның баспасөз қызметі хабарлады.
"Үшжақты форвард шеңберінде шикізатқа сатып алу бағасы және дайын өнімге сату бағасы тіркелетін болады. Бұл шаралар аграрлық секторды нығайтуға және ауыл шаруашылығындағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған", - деп атап өтті Азық-түлік корпорациясында.
2023 жылы Азық-түлік корпорациясының форвардтық сатып алуы мен тауарлық несиелеріне 80 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Алғаш рет форвард бойынша Қызылорда облысының күріш өсірушілеріне 6 мың тонна күріш сатып алуға қолдау көрсетілді.
Өткен жыл фермерлер үшін өте қиын болғандықтан (төмен бағалар, өнімділіктің төмендеуі және күзде ұзаққа созылған жаңбырдың салдарынан егін сапасының айтарлықтай төмендеуі), ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Азық-түлік корпорациясы арқылы міндеттемелерді ұзартуға мүмкіндік беретін шешімдер қабылданды. Қазіргі уақытта жеңілдетілген шарттармен ұзартуға өтінімдерді қабылдау жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, ауа-райының қолайсыздығына байланысты қиын жағдайға тап болған фермерлерді қолдау үшін Азық-түлік корпорациясы 350 мың тонна сапасыз бидайды, оның ішінде класқа жатпайтын бидайды тікелей сатып алуға өтінімдер қабылдауды бастады. Осы мақсаттарға 31,4 млрд теңге сомасында бюджет қаражаты бөлінді.
"Қазіргі уақытта 486 ауыл шаруашылығы өндірушісінен жалпы сомасы 28 млрд теңгеден астам 713 өтінім келіп түсті, бұл жоспарланған саннан 241 ауыл шаруашылығы өндірушісіне артық. Айта кету керек, астықтың сапалық сипаттамаларына байланысты бағаны белгілеудің арқасында қаражат үнемделді. Бұл қаражат белгіленген 350 мың тоннадан астам көлемді қосымша сатып алуға немесе 2024 жылға форвардтық сатып алуға бағытталатын болады", - деп хабарлады баспасөз қызметінде.