ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Канада делегациясының өкілдері Аридж Башир және Марио Крпанмен кездесу өткізді. Тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымын ұлғайту және оларды қайта өңдеу мәселелерін талқылады. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
"Біз барлық басым бағыттар бойынша өзара іс-қимылды дамытуға дайынбыз. Қазірдің өзінде іске асырылып жатқан бірлескен жобалар біздің елдеріміз арасындағы жемісті ынтымақтастықты айқын көрсетеді", - деді Ермек Кенжеханұлы.
АШМ ақпараты бойынша, 2019 жылдан бастап Feedlot Health Management Systems компаниясы қазақстандық "Kazbeef" ЖШС-мен бірлесіп фермаларда ет өнімдерін өндірудің өнімділігін арттыру үшін жаңа технологияларды енгізуде. Бұл отандық өндірушілердің өнім сапасы мен экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақ ақбас тұқымының Республикалық Палатасы канадалық Vytelle қатысуымен 2019 жылдан бастап асыл тұқымды малдың өнімділігін тестілеу жүйесін енгізуде. Бұл технология Қазақстанның бес шаруашылығында орнатылған және компания ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі.
Қостанай облысы Лисаковск қаласындағы "Дон Мар" ЖШС табысты әріптестіктің жарқын мысалдарының бірі болып табылады. Бұл канадалық кәсіпкерлердің қатысуымен оқшаулау үлесі жоғары ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бойынша Қазақстанның озық кәсіпорны.