Ағымдағы жылдың шілде айында Қазақстанда ішкі сауда ережелері бекітілді. Онда Сауда министрлігі жәрмеңкелер мен республикалық көрмелерді өткізу стандарттарын анықтады. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Жәрмеңкелердің барлығы бес түрі анықталды: маусымдық, онда мектеп керек-жарақтары, көмір, шөп және т.б. сатылады; тақырыптық - отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін; ауыл шаруашылық- аграрлық өнімді халыққа қолжетімді бағамен сату үшін; бірнеше өңірдің қатысуымен мерекелік және өңірлік мамандандырылған көрмелер.
"Жәрмеңкенің әр түрі үшін күнтізбелік кесте мен өткізу мерзімі белгіленді. Мысалы, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері аудандарда екі аптада бір реттен кем емес, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда аптасына бір реттен кем емес өткізілуі тиіс. Елордада жәрмеңкелер маусымнан қарашаға дейін өтуі керек. Сауда орындары тегін ұсынылады. Ұйымдастыру процесі цифрландырылуы керек, сондықтан барлық ниет білдірушілер онлайн қатысып, өтініш бере алады. Ауыл шаруашылығы, мерекелік және маусымдық жәрмеңкелердегі бағалар нарықтық бағадан төмен белгіленеді", - деді үкімет отырысында сауда және интеграцияның бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.
Вице-премьер Серік Жұманғарин Астана әкімдігіне дәстүрлі күзгі өңірлік жәрмеңкелерді ұйымдастыруды бастауды тапсырды, бұл ретте олардың халық үшін әлеуметтік маңыздылығын атап өтті.
АШМ деректері бойынша еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қорының көлемі 725,8 мың тоннаны құрайды. Азық-түлік қоры азық-түліктің 29 түрінен құралады, оның ішінде: қой еті, сиыр еті, көкөністер, ашытылған сүт өнімдері, алма, балық, ірімшік, сүзбе және т. б. Өнім ӘКК қоймаларында, сауда желілерінде, ауыл шаруашылығы өндірушілерінде және ірі көтерме жеткізушілерде сақталады.
"Егін жинаудың жалғасуын ескере отырып, ел тұрғындарының негізгі азық-түлікке деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қолда бар қорлар жеткілікті болады", - деп атап өтті ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.