ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп егіс науқанын мерзімінде сапалы қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Бұл ретте әкімдіктер шағын және орта шаруашылықтарға баса назар аудара отырып, аграрлардың барынша кең тобына мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етуі тиіс.
"Субсидияларды бөлу жөніндегі барлық құқықтар әкімдіктерге берілгендіктен, сіздер, Айдарбек Сейпеллұлы, өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, аграрларды әділ және ұтымды субсидиялаумен қамтамасыз етуді қатаң бақылауға алуларыңыз қажет. Ақша ауыл тұрғындарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, өндірілетін өнім көлеміне әсер етіп, саланың ірі ойыншыларының табысына айналмауы тиіс", - деді Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы министріне.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы Айдарбек Сапаровтың айтуынша, дала жұмыстарын қаржыландыру бюджетте көзделген қаражатты аудару есебінен де, қосымша қаражат бөлу есебінен де жүргізілуде.
"Жалпы, ағымдағы жылы көктемгі егіс жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыру 580 млрд теңгені құрайды, оның 400 млрд теңгесі қаржы институттарын тікелей субсидиялау тетігі бойынша аграрлар үшін жылдық таза 5% – бен қарыз қаражатының қосымша көлемі болып табылады. Қаржы министрлігінен жоғарыда аталған субсидиялауға үкімет резервінен 60 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу мәселесін жеделдетуді сұраймыз", - деді Айдарбек Сапаров.
Отырыс қорытындысы бойынша премьер-министр Қаржы,Ээкономика министрліктеріне және "Бәйтерек" холдингіне пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қаражат есебінен ауыл шаруашылығы өндірушілерін несиелеуге қосымша қаржыландыру бөлуді жеделдетуді тапсырды.