ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде субсидиялау қағидаларын қайта қарауды тапсырды. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін үкімет отырысында Әлихан Смайылов атап өткендей, қазіргі уақытта еліміздің ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозуы шамамен 76% құрайды. Өткен жылы отандық кәсіпорындар 15 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын өндірді. Алайда, бұл жеткіліксіз.
«Фермерлерге жаңа техника қажет! Сондықтан өндіріс қарқынын арттыру қажет. Бұл үшін бізде барлық қажетті құралдар мен мүмкіндіктер бар», - деді премьер-министр.
Бұл ретте үкімет фермерлерді ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде субсидиялау тәсілін өзгертеді.
«Әлихан Смайылов уәкілетті ведомстволарға аналогтары Қазақстанда шығарылатын импорттық ауыл шаруашылығы техникасына инвестициялық субсидиялау мөлшерлемесін 25% - дан 15%-ға дейін төмендету мәселесін пысықтауды тапсырды», - деп хабарлады баспасөз қызметі.