Ұлытау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 13 түріне бағаның өсуі байқалады. Осы көрсеткіш бойынша өңір республика бойынша бірінші орында. Бағаны тұрақтандыру үшін облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған жәрмеңкелерінің санын көбейтуді тапсырды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаментінің басшысы Жеңісбек Ахметовтың айтуынша, 10 мамырдан бастап облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сауда үстемесінің шекті мәнінен асып сатқан және тауарлардың бағасын көрсетпеген 23 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, Жезқазғанда "Ұлытау" ӘКК тұрақтандыру қорынан өнімді төмен бағамен сатып алған, бірақ оны жоғары бағамен сатқан төрт кәсіпкер заңнаманы бұзғаны анықталды.
Жоғарыда аталған мәселелер бойынша өңір басшысы қала әкімдеріне тұрақтандыру қорынан жеткізілетін азық-түлік өнімдерінің мониторингін, сондай-ақ тұтастай алғанда "Ұлытау" ӘКК-мен өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, Берік Әбдіғалиұлы облыс орталығындағы жәрмеңкелер санының артуы бағаны халық үшін қолайлы ететінін атап өтті.
"Қазір көкөністер мен жемістер маусымы. Қаланың бірнеше нүктесінде өткізілуі үшін облыстық жәрмеңкелерді ұлғайту қажет. Бұл кәсіпкерлер үшін де, тұрғындар үшін де ыңғайлы болады. Жәрмеңке аптасына бір рет өткізілуі тиіс", - деді Ұлытау облысының әкімі.