Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринария саласындағы кейбір функцияларды бәсекелестік ортаға береді, бірақ ветеринариялық зертханалар мемлекеттің бақылауында қалады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек Мәжіліс депутаттарының сұрауына жауап бере отырып хабарлады.
Вице-министрдің айтуынша, ветеринария жүйесін реформалау жөніндегі Жол картасы 55 іс-шараны қамтиды. Оның ішінде орталық пен өңірлер арасындағы функциялар мен өкілеттіктерді ажырату, процестерді цифрландыру және деректерді жинау мен беруді автоматтандыру, ветеринария саласында кадрлар даярлау және олардың жалақысын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ заңнамаға өзгерістер енгізілуде.
Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заңнамалық бастамасы тәртібімен әзірленген "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасында ветеринариялық зертханалардың функцияларын жеке секторға (бәсекелестік ортаға) беруді көздейтін нормалар көзделмеген. Бәсекелестік ортаға беру үшін ауыл шаруашылығы жануарларын қолдан ұрықтандыру бойынша қызметтер және қаңғыбас жануарларды аулау, уақытша ұстау бойынша функциялар ұсынылады", - деді Әбілқайыр Тамабек.
Сондай-ақ, ол саланы цифрландыру бойынша жұмыс барысы туралы айтты. "Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру" ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасы әзірленді. Ол қазірдің өзінде Батыс Қазақстан облысында сыналды, қазір анықталған кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бұдан басқа, "Ветеринариялық қауіпсіздік" модулін өзгерту бойынша жұмыс жүргізілді, жүйені тестілеу жүріп жатыр. Модульді 2023 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарлануда.