21 Желтоқсан, 2023 Мақалалар
0  

Агросубсидияны қалай алуға болады — фермерлерге арналған нұсқаулық

Субсидирование КРС Животноводство Динара Молдагаипова Растениеводство Пчеловодство Ел байлығы Агросубсидия
Агросубсидияны қалай алуға болады — фермерлерге арналған нұсқаулық
Агросубсидияны қалай алуға болады — фермерлерге арналған нұсқаулық

Асыл тұқымды есепке алу және агросубсидиялау жөніндегі сарапшы, "Ел байлығы" курсының авторларының бірі Динара Молдагаипова фермерлер үшін субсидиялауға өтінім берудің негізгі кезеңдері туралы айтып берді.

Ең біріншіден, заңнамаға сәйкес субсидиялаудың барлық ережелерімен мұқият оқып, танысып алу маңызды.

«Көптеген ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер жобаны іске асыруды бастамас бұрын субсидия алуға болады деп санайды. Сіз бордақылау алаңын ашқыңыз келеді делік. Фермерлердің көбісі: «Субсидия алып, бордақылау алаңын саламын» деп ойлайды. Бірақ, алдымен, оны салу керек, содан кейін шығындар туралы есептерді көрсету қажет, сосын барып субсидия аласыз. Кез келген субсидия кәсіпті ашқаннан кейін беріледі. Шығындар фактісі бойынша мемлекет соманың бір бөлігін өтейді», - деп атап өтті Динара Молдагаипова.

Тағы бір шарты: мемлекет жаңа жабдықтың немесе жаңа техниканың ғана шығындарын өтейді.

«Егер сіз қандай да бір инвестициялық жобаны құрып жатсаңыз және субсидия алғыңыз келсе, сізде сертификаттары бар жаңа материалдарды пайдалану міндеті болады. Сонымен қатар лицензиясы бар, ресми мердігерлік ұйымдармен серіктестік орнату қажет. Осы тармақтардың барлығын ескеру қажет» - дейді сарапшы.

Сондай-ақ малдың есебін жүргізу, жануарларды міндетті түрде бірдейлендіру, барлық профилактикалық, ветеринарлық шараларды өткізу және ферманың барлық құжаттарын ретке келтіру маңызды.

Кімнің субсидия алуға мүмкіндігі бар?

ҚР ҰҚ 679-бабына сәйкес субсидияны келесі салалар бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және сату қызметтерін жүзеге асыратын заңды тұлғалар, шаруа қожалықтары немесе фермерлік шаруашылықтар, ӘКК ала алады:

  • өсімдік шаруашылығы;
  • мал шаруашылығы;
  • құс шаруашылығы;
  • ара шаруашылығы;
  • балық шаруашылығы.

Мал есебін және бірдейлендіруді қалай енгізуге болады?

Мынадай есепке алу жүйелері бар: АЖБ (ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру) - ветеринариялық есепке алу нысаны, АТЖ - мал шаруашылығының ақпараттық-талдамалық жүйесі. Қосымша есеп жүйесі бухгалтерлік есеп болып табылады (1С жүйесі). Ал енді өтінім беру туралы қысқаша нұсқаулықты көрсетеміз. Егер сіз дайын болсаңыз, ноутбукты алдыңызға алып, жасап көріңіз!

АТЖ-дағы асыл тұқымды малдың есебі

Жануарларды бірдейлендіргеннен кейін және оның жеке нөмірін алғаннан соң республикалық мал шаруашылығы порталында, plem.kz сайтында тіркелу қажет.

plem.kz
plem.kz

АТЖ жүйесін өзіңіз толтыруыңыз керек. Барлық өтінімдер қағидаларда көрсетілген мерзімде субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйелері арқылы беріледі. Өтінімдерге ұйымның бірінші басшысының немесе жеке кәсіпкердің электронды цифрлық қолтаңбасы қойылады.

Сайтта тіркелу үшін ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) қажет.

Әрі қарай, қызмет бағытын таңдаймыз – етті немесе сүтті шаруашылық, компанияның заңды атауы, ЖСН (БСН), мекен-жайы, қолданыстағы телефон нөмірі, басшының деректері және байланыс нөмірлері. Модульдер бағанында ауыл шаруашылығындағы бағытты таңдауыңыз керек. Егер сіз ірі қара өсіретін болсаңыз, онда мал шаруашылығын таңдайсыз, егер ірі қара малдан басқа жануарлар болса, онда жылқы шаруашылығы, түйе шаруашылығы және т.б. тармақшаны таңдай аласыз. Бұл жерде жануарларды қанша қажет болса, сонша қоса беруге болады.

Ескеретін жайт: егер сіз жануарлардың белгілі бір санаты бойынша субсидияға өтінім бергіңіз келсе, оларды жоғарыдағы бағанда міндетті түрде көрсетіңіз. Әрі қарай мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті тіркейміз (бұл компанияны мемлекеттік тіркеу туралы анықтама немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркеу туралы талон болуы мүмкін).

Тіркелгеннен кейін жүйеге кіру керек. Ол үшін сіздің ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) қажет болады. Осылайша, сіз өзіңіздің компанияңыздың АТЖ жүйесінің сайтындағы басты бетіне өтесіз.

Қанша және қалай төлеу керектігін басты терезеден "төлем тәртібі" жолағын таңдау арқылы білуге болады. Сізге АТЖ "Республикалық мал шаруашылығы жүйесіне" қосылу үшін жазылған тарифтер құжаты ашылады. Тарифтер мал санына байланысты. Мал шаруашылығы, жылқы шаруашылығы, шошқа шаруашылығы және түйе шаруашылығы бойынша модульдер үшін абоненттік төлемді фермерлер төлемейді. Оны осы бағытты басқаратын арнайы палаталар төлейді.

Сайттың басты бетіндегі менюде "Жануарлар картотекасы", "Оқиғалар" (мал басының артуы немесе кемуі), "Бордақылау алаңы" (шаруашылықта болған жағдайда), "Асыл тұқымды материалды есепке алу" (егер жасанды ұрықтандыру үшін тұқым немесе трансплантациялау үшін эмбриондар сатып алынған болса), "Сервистер", "Есептер" сияқты маңызды модульдер орналасқан.

"Жануарлар картотекасы" модулінде есепте тұрған барлық жануарларды көруге болады. Әрбір жануардың жеке нөмірі көрсетілген жеке цифрлық төлқұжаты бар және олардың барлығы осы жүйеде сақталатын бір үлкен есепке біріктіріледі.

“Оқиғалар” модулінде барлық сатып алынған және сатылған жануарлар тіркеледі. Және осы бөлімде сою, жазатайым оқиға, ауру себебінен немесе селекцияға жіберілгеннен болған малдың кемуі туралы деректер толтырылады.

"Сервистер" бөлімі арқылы республикалық палаталарға жануарлар мәртебесін алуға, генотиптеуге өтінім беруге болады. Асыл тұқымды жануарларды сату да "Қызметтер" бөлімі арқылы жүзеге асырылады.

“Есептер” бөлімінде жүйелердегі жануарларды салыстырады. Бұл бөлімде сіздің шаруашылығыңыз бен жануарларыңыз туралы барлық бастапқы деректер бар – төлдердің саны, шежіресін тексеру, өндіруші-бұқалардың тізімі, сондай-ақ санаттар бойынша барлық жануарлардың тізімі (тірі және жойылған, АНК (Аграрлық несие корпорация) үшін көшірме). Бұл бөлімнің артықшылығы - жүйеге өзіңіз үшін кез-келген қажетті есеп жазбасын қосуға немесе жасауға болатыны. Ол үшін есеп жазбасына қажетті барлық санаттар мен атауларды көрсете отырып сайт әзірлеушілеріне жаза аласыз.

Мемлекеттік асыл тұқымды есепке алу жүйесі жануарлардың келуін, олардың көрсеткіштерін, өнімділігін және кейінгі сатылымдарын бақылау және талдау арқылы компания экономикасына әсер етуге мүмкіндік береді. Осылайша сіз келесі жылды оңай жоспарлай аласыз және жүйедегі деректеріңізге сүйене отырып, даму динамикасын көре аласыз.

Субсидияны рәсімдеу

АТЖ жүйесін игергеннен кейін субсидияға өтінім беруге кірісуге болады. Өтінімді subsidy.plem.kz сайтында рәсімдейміз.

subsidy.plem.kz.
subsidy.plem.kz.

Ең бірінші қадам - платформада тіркелу, одан кейін жүйеге ЭЦҚ арқылы кіре алатын боласыз. Сайттың интерфейсі ыңғайлы және қарапайым.

Басты беттен “Қолданушы туралы ақпарат” менюін таба аласыз. Бұл жерде компанияның деректерін, директорды, бизнестің ұйымдастыру формасын, лицензияны, байланыс нөмірлерін, есептік нөмірді және басқа да ақпараттарды көрсету керек. Бұл бөлімді өзгеріс болған жағдайда кез келген уақытта өзгертуге болады.

Фермер үшін маңызды нәрселер басты беттегі менюдің сол жағында орналасады («Өтінімдер реестрі», «Критерийлер», «Өтінім беру» және т.б.).

“Статистикалық деректер” бөлімінде мал басы, мал шаруашылығы өнімінің жалпы өндірісі, еңбек өнімділігі, жайылым алаңы туралы деректер толтырылады. Ескеретін жайт, бұл бөлімдегі барлық ақпарат өткен жыл бойынша көрсетіледі. Мысалы, 2023 жылы толтырып жатсаңыз, онда 2022 жылдағы деректерді көрсетесіз.

“Банктен анықтама” менюінде банктің ағымдағы шотының деректемелері көрсетіледі.

Болашақ субсидия иегері үшін “Ағымдағы жылға арналған бюджет” бөлімі маңызды болып табылады. Мұнда еліміздегі облыстар мен өңірлерге бөлінген, бір жылға арналған бюджет көрініп тұрады. Сондай-ақ іске асырылған бюджет пен әлі де алуға, өтінім беруге болатын қалдығы көрсетіледі. Бұл бөліммен танысқаннан кейін фермер қай секторда қаражат бар екенін біле отырып, сәтті түрде өтінім беруге мүмкіндік алады.

“Азықты субсидиялаудың критерийлері” бөлімінде азыққа арналған субсидиялар бойынша нормативтер жинақталған. Қазақстанның әр облысының өзіндік шарттары мен бөлінген бюджеті бар.

Негізгі менюді толтырғаннан кейін (басты беттің сол жағындағы), “Өтінім беру” бөлімін тауып аламыз. Өтінім сіздің жануарларыңыз тіркелген ауыл шаруашылығы басқармасына беріледі. Өтінім толтырудың бір кезеңінде жүйе деректерді синхрондап, АЖБ-дағы (есеп жазбасының ветеринарлық формасы) деректермен салыстырады. Үшінші кезеңде сайтта сатып алу-сату келісімшарттары, қабылдау актілері, банктен анықтама, толық төлемді растайтын құжаттар және т.б. құжаттар туралы мәліметтер пайда болады. Өтінімге ЭЦҚ арқылы қол қойылып, база арқылы ауыл шаруашылығы басқармасына түседі.

Егер субсидиялауға бюджет бар болса, өтінімді 2 жұмыс күннің ішінде қарап, қаражат төлемін банктің деректемелеріне жібереді.

Егер мемлекеттік қаржы болмаса, онда өтінім бюджет болғанша резервте тұрады. Қаражат түскеннен кейін барып, резервте тұрған өтінімдер кезек бойынша қаралады.

Егер өтініміңіз дұрыс толтырылмағанын түсінсеңіз, уайымдамаңыз, оны осы сайтта кері қайтарып алуға болады. Содан кейін түзетіп, тиісті түрде толтырып жібере аласыз.

© Шолпан Жабаева, baibolsyn.kz, 2023 ж.

Узнавайте первыми самые свежие новости агробизнеса Казахстана на нашей странице в , подписывайтесь на нас в или на нашу рассылку.
Біздің серіктестер