05 Қыркүйек, 2024 Мақалалар
0  

Шағын ферма немесе ЖҚШ үшін сиыр саууға арналған жабдықты қалай таңдау керек?

КАЗАХСТАН КРС Доильное оборудование Робот-дояр Доильный аппарат
Шағын ферма немесе ЖҚШ үшін сиыр саууға арналған жабдықты қалай таңдау керек?
Шағын ферма немесе ЖҚШ үшін сиыр саууға арналған жабдықты қалай таңдау керек

Техникалық прогресс тек адамдардың ғана емес, жануарлардың да өмірін жеңілдететіні сөзсіз. Сүтті ірі қара мал шаруашылығында да технологиялар бір орнында тұрмайды. Бүгінгі таңда сиырларды саууға арналған аппараттарсыз шаруашылық жүргізуді үлкен фермаларда ғана емес, шағын жеке шаруашылықтарда да елестету қиын.

Мал өсірушілер үшін жиі туындайтын қиындықтардың бірі – көптеген түрлі модельдер мен техникалық сипаттамалардың арасынан сауу жабдықтарын таңдау. Фермаңыздың нақты міндеттеріне сәйкес келетін қандай сауу аппараты қолайлы болады?

СТФ сипаттамаларына тоқталайық

Сиыр саууға арналған жабдықты таңдау, ең алдымен, сиырларды сүт-тауар фермасында ұстау принципіне негізделеді. Отандық және шетелдік сүтті мал шаруашылығында сиыр бағудың екі әдісі бар – байлаулы және байлаусыз.

Қазіргі қолданыстағы сауу қондырғыларын шартты түрде келесі түрлерге бөлуге болады:

  • стационарлық сауу қондырғылары,
  • жылжымалы (мобильді) сауу аппараттары.

Стационарлық сауу қондырғылары, өз кезегінде, сиырларды сүтөткізгіш арқылы жеке бөліп қойған орында саууға, сондай-ақ байлаусыз ұстауға арналған – «параллель», «шырша», «карусель», «тандем» типіндегі сауу залдары.

Ірі қара малды саууға арналған үшінші заманауи әдісті жеке атап өткен жөн – сауыншы роботтарды пайдалану. Роботтандырылған сауу – бұл адамның қатысуын ең аз қажет ететіндігімен және жоғары өнімділігімен ерекшеленетін озық технология. Бұл сауу технологиясын қолданғанда, бір оператор бір ауысымда 500-600 басқа дейін қызмет көрсете алады (қораның көлеміне байланысты).

Бұл орайда сиыр сауу жабдығын таңдағанда, сиырларды ұстау принципінен бөлек, ферма көлемін де ескеру маңызды екені айқындала түседі. Әрбір шаруашылық өз қызметінен барынша табыстылыққа қол жеткізуге тырысатыны белгілі, сондықтан да сауу жабдығын сатып алу өшығыны өзін-өзі ақтауы қажет.

Бүгін біз 100 басқа дейін малға арналған шағын СТФ немесе жеке қосалқы шаруашылықтарына арналған сауу жабдықтарының түрлі нұсқаларын толығырақ талқылаймыз.

Шағын фермерлік шаруашылықтарына арналған сауу аппараттары

Қазақстандағы бір сиырдан тұратын жеке шаруашылықтар үшін ең қолайлысы – бір сиырға арналған сауу аппараты. Себебі сауу көп уақыт алмайды, сондықтан оның өнімділігі бір сағатта 10 сиырға дейін болса да жеткілікті. Үлкенірек шаруашылықтар үшін бір мезгілде екі-бес сиырды сауатын модельдер бар, мұндайда жалпы өнімділік бір сағатта 20 сиырға дейін артады.

Сауу аппараттарын өндірушілер сауу режиміне байланысты машиналарды екі түрге бөледі: екі тактілі және үш тактілі.

Екі тактілі сауу аппараттардың екі режимі ауысып тұрады – сору және қысу. Бірінші тактте қабырғааралық және желін асты камераларында вакуум қалыптасады, емшегі стаканға тартылып, сүт сауылады. Екінші тактте вакуум тек желін асты камерада қалыптасады, ал қабырғааралық камерада атмосфералық қысым пайда болады. Бұл кезеңде емшегі қысылып тұрады.

Екі тактілі сауу режимінің артықшылықтары:

  • өнімділігі жоғарылау. Бір минутта шамамен 80 пульсация жасалады;
  • аппараттың салмағы аз. Сауу аппаратын тасу жеңіл болады.

Екі тактілі сауу режимі жануарға жайсыздық туғызады және маститтің пайда болу қаупін арттырады. Бұл режим табиғи сауу процесіне сәйкес келмейтіндіктен, сүт беру қиындауы мүмкін. Бұл жануарға ыңғайсыздық туғызады, сол себепті маститке әкеліп соқтыруы мүмкін.

Үш тактілі сауу аппараттарында сору және қысу режимдерімен қатар демалыс режимі бар. Демалыс режимінде вакуум қалыптаспайды, емшегі табиғи қалпында тұрады, сол кезде қан айналымы қалпына келеді.

Бұл режим табиғи сауу процесіне жақындау, жануарларда күйзеліс тудырмайды және сүттің жақсы шығуына ықпал етеді. Дегенмен, үш тактілі режимнің сауу жылдамдығы төменірек. Бір минутта шамамен 60 пульсация жасалады.

Сауу аппаратын таңдағанда сорғы түрін де ескеру керек. Вакуумдық сорғы сауу аппаратының өнімділігіне әсер етеді және үш түрге бөлінеді: мембраналық, поршеньді және роторлы.

Мембраналық сорғы – ең арзан нұсқасы, аз жүктемеге (3 басқа дейін) есептелген. Мембраналық сорғысы бар сауу аппараттары тек шағын шаруашылықтарға жарайды.

Поршеньді сорғы – өнімділігі жоғары, бірақ жұмыс кезінде қызып кетуге және бұзылуға бейім, сондай-ақ қатты шу шығарады.

Поршеньді сорғысы бар сауу аппаратының мысалы ретінде ірі қараға арналған ресейлік AGRI HT-1 моделін айтуға болады.

AGRI HT-1
AGRI HT-1

Роторлы сорғы – құрғақ немесе майлы түрдегі сорғы. Ең оңтайлы нұсқа, өйткені ол шу шығармайды, аз орын алады және өнімділігі жеткілікті түрде жоғары.

Қай типтегі қозғалтқыш жақсы: құрғақ па әлде майлы ма?

Қазақстанның күрделі климаттық жағдайларында фермерлер сауу аппаратының қозғалтқыш түрін де ескеруі керек. Оның майлы және құрғақ түрі бар. Әрбір типтің өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Майлы типтегі сауу аппараттарының артықшылықтары ретінде дыбыссыз жұмыс жасауын, бөлшектерінің азырақ тозуын және арзанырақ бағасын айтуға болады.

Тәжірибе көрсеткендей, майлы типтегі аппарат адам құлағы үшін тыныш жұмыс істейді, бірақ децибелдегі шу деңгейін өлшегенде айырмашылық шамалы.

Майлы типтегі сауу аппараттарында бөлшектер арасындағы үйкеліс аздау, сондықтан олар ұзақ қызмет етеді.

Дегенмен, елдің солтүстік аймақтарында майлы типтегі сауу аппараттарын пайдалану қиын болуы мүмкін, өйткені бұл жабдық төмен температураға сезімтал және оны +5 ℃ төмен температурада пайдалануға болмайды, себебі майы қатып, аппараттың іске қосылуында қиындықтар туындауы мүмкін.

Майлы типтегі сауу аппараттарының кемшіліктерінің бірі — оларды үнемі күтіп ұстау қажеттілігі, яғни май деңгейін бақылау және ағып кетпеуін қадағалау. Майды әр алты ай сайын ауыстыру ұсынылады.

Нарықта майлы типтегі сауу аппараттарының түрі жеткілікті, сондықтан жоспарланған бюджетке, күтілетін өнімділікке және жинағына сәйкес келетінін таңдауға болады: украиналық АИД «Буренка-1 тот баспайтын болат», TYS Melasty стационарлық түрік сауу аппараты, Yaldiz брендіне тиесілі MAC-003 және MAC-004.

Құрғақ типтегі сауу аппараттарына келетін болсақ, оларды күтіп ұстау оңайырақ. Құрғақ сауу аппараты тұрақты күтімді қажет етпейді.

«Құрғақ типтегі аппараттарда қозғалтқышқа орнатылған графит қалақшаларын уақытында ауыстыру маңызды, — дейді Protect&Feed компаниясының ветеринар дәрігері Ангелина Строева, — сондай-ақ сауу кезінде сиырдың желінін зақымдап алмас үшін вакуумды қадағалау қажет».

Әрине, құрғақ типтегі сауу аппараттарының артықшылықтары төмен температурада пайдалану мүмкіндігі, сондай-ақ жеңілдігі мен ықшамдығы болып табылады. Егер аппараттың орнын жиі ауыстырып тұру қажет болса, осы типі ыңғайлы болады.

Құрғақ типтегі аппарат тыныш жұмыс істемейді, сондықтан жануарларға оған үйрену қажет. Оның ішіне ылғалдың түсуіне жол бермеу керек, өйткені бұл ақау тудыруы мүмкін.

Құрғақ типтегі сауу аппараттарының әртүрлі өндірушілерден үлкен модельдік қатары бар, мысалы, Barbaros сауда маркасынан УДА-2-40Л, УДА-1-20ЛА, Melasty сауда маркасынан TCK1 - AK Junior сынды түріктің сауу аппараттары, ресейлік өндірістегі МДУ-5 аппараты.

Әр өндірушінің сауу аппараттарының бағалық диапазоны, әрине, әртүрлі. Мысалы, түрік өндірісіндегі аппараттардың бағасы ресейлік өндірушілермен салыстырғанда жоғарв. Бірақ пайдаланушылар өнімнің басқа сапасын да атап өтеді.

«Түрік өндірісіндегі сауу аппараттарының бағасы ресейлік аппараттарға қарағанда қымбат болғанымен, пайдалану кезінде оның сапасы өзін ақтайды», — деп есептейді Protect&Feed компаниясының ветеринар дәрігері Ангелина Строева.

Еуропалық фермерлер қандай сауу құрылғыларын таңдайды?

Біздің елімізде 100-ге дейінгі сауын сиыры бар шағын сүт-тауарлы фермаларда (СТФ) бір-екі сиырды саууға арналған машиналық сауу аппараттарын пайдалану экономикалық тұрғыдан тиімді, өйткені мұндай сауу құрылғыларының құны сауыншылардың орташа еңбекақысы сияқты төмен. kz.trud.com сайтының жалақы статистикасы бойынша 2024 жылы сауыншының орташа жалақысы шамамен 173 мың теңгені құрайды.

Еуропалық фермерлердің шаруашылық жүргізуі өзгеше. Батыс Еуропадағы фермалар негізінен шағын болып келеді, бірақ қол еңбегі өте қымбатқа түседі. Сол себепті еуропалық фермерлер үшін сауыншыларды жалдағаннан гөрі сиырларды сауу процестеріне роботтарды енгізу тиімдірек.

«Егер Швецияда орташа ферма 40-60 бас сиырдан тұрса, онда екі сауыншыны жалдау айына €4-5 мыңға түседі, — деп түсіндірді DeLaval компаниясының Қазақстан мен Қырғызстандағы бизнесті дамыту менеджері Виктор Штефан. — Мұндай бизнес өзін ақтамайды. Сондықтан фермер не сиырларды өз қолымен саууы керек, не робот-сауыншыны орнатуы қажет. Сол үшін де алғашқы роботтар тәулігіне 40-50 бас сиырды сауу жүктемесіне есептеліп шығарылған».

Мысалы, шведтік DeLaval компаниясы фермерлерге алдыңғы моделінен (10%-ға) қуаттырақ VMS V300 атты робот-сауыншының жаңа моделін ұсынады. Соңғы үлгінің қосылу көрсеткіші 99,8%-ды құрайды, тәулігіне 3,5 мың литрден астам сүт өндіру әлеуетіне ие.

VMS V300 робот-сауыншысы DeLaval InControl™ жүйесімен, қашықтан ақпаратқа қол жеткізетін және жүйені басқаратын жаңа пайдаланушы интерфейсімен жабдықталған.

Мұндай роботтар қазірдің өзінде Даниядағы фермаларда орнатылған.

Фотосуретті түсірген: Delaval.com
Фотосуретті түсірген: Delaval.com

Соңғы уақытта Батыс Еуропада роботтандыру қарқыны жылына 10-12%-ға өсті. Мұндағы көшбасшылар — Голландия, Дания, Германия.

Автоматтандырылған сауу саласында Fullwood M2erlin роботы кеңінен танымал болды, оның әлемде баламасы жоқ бірегей ерекшелігі — қосарлы шығыс, бұл роботтың селекциялық қақпа ретінде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Бүгінде робот-сауыншылардың өнімділігі әлдеқайда жоғарылаған, олардың коммерциялық жүктемесі тәулігіне бір роботқа 65, кейбір жағдайларда 80 сиырға дейін жетеді. Робот-сауыншыларды орнатқандардың санының көбеюі бұл технологияны ірі сүт фермаларында пайдалануға мүмкіндік береді.

Осылайша, біз бүгінгі күні шағын сүт-тауарлы фермаларға арналған сауу аппараттарының негізгі сипаттамалары мен кеңінен таралған модельдері туралы ақпаратты жинап, жүйелеуге тырыстық. Бұл материал сіздерге пайдалы болып, сауу аппаратын сатып алу кезінде дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі деп үміттенеміз.

© Марина Коб, baibolsyn.kz, 2024 ж.

Узнавайте первыми самые свежие новости агробизнеса Казахстана на нашей странице в , подписывайтесь на нас в или на нашу рассылку.
Біздің серіктестер