Қазақстан айтарлықтай ауыл шаруашылық жерлеріне ие бола отырып, көптеген қиындықтарға тап болып отыр. Ең бастысы – су ресурстарының тапшылығы. Бұл климаттың өзгеруі және ауыл шаруашылығында суға сұраныстың артуы жағдайында өте өзекті мәселе болып табылады. Суару жүйелерінің озық технологияларын енгізу өнімділікті арттыру мен суды тиімді пайдаланудың басты факторы болмақ. Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша, 2030 жылға қарай Қазақстанның су ресурстары 15%-ға қысқарады, бұл суды ұтымды пайдалану мәселесін одан әрі өзекті етеді.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы су ресурстарының негізгі тұтынушысы болып табылады: пайдаланылатын судың шамамен 70%-ы ирригациялық және дренаждық жүйелер арқылы суармалы жерлерді суаруға кетеді. Алайда ауыл шаруашылығында суды қолданғанда оның 50-60%-нан айырылады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда шамамен 2,2 млн га суармалы жер бар. Дегенмен, суарғанда суды пайдалану тиімділігі (ПӘК) төмен. ҚазКШҒЗИ деректері бойынша суару жүйелерінің ПӘК 0,5-0,55 құрайды. Елдің негізгі суармалы егіншілік алқаптары орналасқан оңтүстік өңірлерде су үнемдейтін технологияларды енгізу деңгейі небәрі 3%-ды құрайды.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша Қазақстандағы каналдардың 78%-ы топырақты арналардан тұрады, бұл орайда суды тасымалдау кезінде 40%-ға дейін су шығыны болады. Су ресурстарының негізгі тұтынушысы ауыл шаруашылығы болып табылады, оның үлесіне елдің су тұтыну көлемінің шамамен 70%-ы тиесілі. Су үнемдеу технологиялары суармалы жерлердің тек 20%-да, соның ішінде тамшылатып суару 5,4%-да қолданылады.
«Әңгіме суды тиімсіз пайдалану туралы болып отыр. Қазақстан бір доллар ЖІӨ-ге Ресейге қарағанда үш есе, ал АҚШ-қа қарағанда алты есе көп су жұмсайды. Суармалы жерлердің жай-күйі сын көтермейді. 1991 жылмен салыстырғанда олардың көлемі үштен бірге азайған немесе 846 мың га астам жер айналымнан шығарылған. Негізінен, су тапшылығына және мелиоративтік жай-күйінің нашарлауына байланысты», – деп түсіндірді Ақылбек Күрішбаев.
Егер Қазақстан су ресурстарын кешенді тәсіл негізінде тиімді басқара бастаса, онда су тұтыну көлемін кемінде 50%-ға қысқартуға, ал ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 1,5 есе арттыруға болады.
Бұл мәселелерді шешу үшін Қазақстан үкіметі фермерлерді субсидиялау және қолдау бағдарламаларын белсенді түрде дамытып келеді. Мысалы, 2014 жылдан бастап Қазақстанда заманауи суару жүйелерін енгізуге жұмсалған шығындардың 30%-на дейін өтейтін субсидиялау бағдарламасы жұмыс істейді. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, бұл нақты шығындардың тек аз ғана бөлігін қамтып, жаңа технологияларды кеңінен енгізуді қиындатады.
Қазақстан үкіметі агро-индустриалды аймақтарға (АИА) инвестициялар арқылы суаруды дамытуды белсенді түрде қолдайды. 2024 жылдың тамызында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «Атамекен» ҰКП елдің оңтүстік өңірлерінде пилоттық экополияларды құру туралы төрт инвестициялық меморандумға қол қойды, олардың үшеуі суаруды қолдауға бағытталған:
Қазақстанның ауыл шаруашылығында су ресурстарының тапшылығы және климаттың өзгеруі аграршылар үшін күрделі мәселелер туғызатындықтан, суару жүйелерінің заманауи технологиялары маңызды рөл атқарады.
Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоспарында 2025 жылға қарай қарқынды суару алаңы қазіргі 300 мың гектардан 450 мың гектарға дейін, ал 2030 жылдың соңына дейін 750 мың гектарға дейін ұлғайтылуы керек. Ұстап тұрған факторлардың бірі – заманауи суару жүйелерінің құнының жоғарылығы.
Тамшылатып суару су шығынын айтарлықтай қысқартып, оны пайдаланудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретің ең перспективалы технологиялардың бірі болып табылады. Тамшылатып суару суды үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанда тамшылатып суару елдің суармалы жерлерінің жалпы көлемінің шамамен 5,4%-ын қамтиды.
Қазақстандық фермерлер жергілікті климаттық ахуал мен ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне бейімделген әртүрлі тамшылатып суару жүйелерін пайдаланады. Олардың кейбіріне тоқталсақ:
Қазақстанда сондай-ақ жаңбырлатып суару және микросуару сияқты басқа да су үнемдеу технологиялары белсенді түрде енгізілуде. Фермерлер жаңбырлату үшін Valley Irrigation компаниясының жабдығын, әсіресе, еліміздің фермерлік шаруашылықтарында кеңінен қолданылатын айналмалы жаңбырлатқыш қондырғыларын белсенді түрде пайдаланады. Өсімдіктердің тамырына суды дәл жеткізуді қамтамасыз ететін микросуаруға Netafim компаниясының жабдықтары қолданылады. Бұл — автоматтандыру датчиктерімен және жүйелерімен интеграцияланатын тамшылатып суару жүйесі, су ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Заманауи суару жүйелерін пайдаланатын фермалар өнімділіктің 20-30%-ға артуын байқайды. Алғашқыда айтарлықтай инвестиция салу керектігіне қарамастан, суаруды енгізу экономикалық жағынан тиімді.
Ауыл шаруашылығын жаңғыртудың маңызды бөлігі – суаруды цифрландыру және автоматтандыру. Спутниктік деректер арқылы басқарылатын мониторинг жүйелерін және сенсорларды пайдалану су ресурстарын барынша тиімді бөлуге мүмкіндік береді.
Заманауи суару технологиялары – Қазақстанның ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі маңызды құрал. Мысалы, Lindsay компаниясының FieldNET жүйесі фермерлерге суару процесін мобильді құрылғылар немесе компьютерлер арқылы қашықтан басқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар фермерлік шаруашылықтар топырақта орнатылған сенсорлардан алынған деректерді ауа райы болжамдары және спутниктік суреттермен біріктіретін CropX жүйесін пайдаланады.
Заманауи технологияларды енгізу су шығынын азайтуға, өнімділікті арттыруға және климаттың өзгеруіне бейімделе алатын тұрақты өндірістік жүйелерді құруға мүмкіндік береді.
«Westfalia Қазақстан» ЖШС бас директоры Сансызбай Өмірбеков ElDala.kz берген сұхбатында соңғы жылдары мемлекет тарапынан қолдау шараларының артқанының арқасында сүт бизнесіне кіруге ниет білдіргендердің саны көбейіп келе жатқанын айтты. Алайда бәрі бірдей сәттіліктің негізі жем-шөбіңді өзің өндіру екендігін түсіне бермейді.
«Бізге ферма салуға келген кәсіпкерден сұрайтын бірінші сұрақ – жеріңіз бар ма? Егер жауап «иә» болса, онда қанша жер бар және суару жүйесін енгізу мүмкіндігі бар ма деп сұраймыз. Осыдан бұл ферманың қанша сиырды азықпен қамтамасыз ете алатыны туралы түсінік қалыптасады. Жерден басқа арнайы техника – себу машиналары мен комбайндар да қажет. Мұның барлығын есептесек, шығын 1,5 млрд теңге шамасында болады. Суару жүйесін орнатуға тағы шамамен 1 млрд теңге кетеді. Осылайша, 1000 бас сиырға арналған ферма мен суармалы жерде жем-шөп өндіру үшін шамамен 8 млрд теңге инвестиция қажет», – деп түсіндірді «Westfalia Қазақстан» ЖШС бас директоры.
Сондай-ақ, ол суару жүйесін енгізу сүттің өзіндік құнының 60-70%-ын құрайтын жем-шөптің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Камышенка» сүт-тауар фермасы (СТФ) өз алқаптарында суару жүйесін енгізді. Компания өз жерінде 1200 гектарға Zimmatic компаниясының айналмалы жаңбырлатқыш қондырғыларын орнатқан, сондай-ақ Есіл өзенінен су алу үшін сорғы станциясын орнату жұмыстарымен айналысуда.
Компания гибридтермен тәжірибе жүргізіп, ФАО тұқымдарының оңтайлы таңдауын анықтап жатыр. Бірақ «Камышенка» СТФ қызметкерлері күзде жиналған өнім суарудың арқасында малдың рационын едәуір жақсартатын сүрлемді қамтамасыз ететініне сенімді. Бұл фермаға өндірістің табыстылығын арттыруға ғана емес, тұрақты даму үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. «Камышенка» Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты өсуінің негізгі факторы бола алатын заманауи суару жүйелерінің маңыздылығын көрсететін үлгі болып отыр.
Қарағанды облысындағы «Найдоровское» ЖШС кәсіпорнында еліміздегі қатал климаттық ахуалға қарамастан, Қазақстанның орташа көрсеткішінен екі есе жоғары өнімділік алуға мүмкіндік беретін агротехнологиялар енгізілуде. Кәсіпорын жыл сайын ір айналмалы жаңбырлатқыш орната отырып, суармалы алқаптардың көлемін арттыруда. Өткен маусымда 815 га, ал биыл 900 га алқап суару жүйесімен қамтамасыз етілген, оның 500 га картоп егілген, ал қалған жерде – бидай тұқымдықтары.
Суару жүйесін енгізуді жоспарлағандардың бірі – Абай облысындағы «Лазарев и К» шаруашылығы. Бұл кәсіпорын жүгері, бидай және күнбағыс өсірумен айналысады және де суармалы жүйені қолдану үшін судың тапшылығына тап болып отыр. «Лазарев и К» кәсіпорны өз өндірісін тұрақтандыру және өнімділікті арттыру мақсатында суару жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Компанияда бұл үшін барлық жағдай жасалған, тек біреуі ғана жетіспейді – қол жетімді су көздері жоқ. Шаруашылық өз алқаптарының бір бөлігінде суаруды іске қосудың әртүрлі жолдарын зерттеп іздестіруде. Кәсіпорын егер климат барған сайын құрғақшылыққа қарай өзгере берсе, онда суару жүйелері ғана Қазақстанның аграршыларына жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін түсінеді.
Қазақстанда озық суару жүйелерін енгізу агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің қажетті қадамы болып табылады. Мемлекеттік қолдау және инфрақұрылымды модернизациялау бұл үдерісте маңызды рөл атқарады, бірақ елеулі нәтижелерге жету үшін фермерлердің белсенді түрде қатысуы және инновациялық шешімдерді пайдалануы қажет. Болашақта бұл өнімділікті арттыруға ғана емес, сонымен қатар еліміздің су ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
© Людмила Горобец , baibolsyn.kz, 2024 ж.