18 Ақпан, 2025 Мақалалар
0  

ШЕГІРТКЕ — ЕГІННІҢ ЖАУЫ

зиянкес шегіртке Қазақстандағы шегірткелер шегіртке жәндіктер шегірткелер
ШЕГІРТКЕ — ЕГІННІҢ ЖАУЫ

Диқандар үшін дала жұмысы аяқталғанымен, күйбең тірлік ешқашан бітпейді. «Қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла» дегенді ұстанған егіншілер қауымы енді көктемгі маусымға дайындық жұмыстарын бастады. Солтүстіктің диқандары қыста түскен ылғалды тиімді пайдалану мақсатында алқапты трактормен тілгілеп, қар тоқтату жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бұдан бөлек зиянкестерден қорғау жұмыстарына дайындық қажет. Әсіресе, егістіктің басты жауы шегірткеге қарсы күрес — ауыл шаруашылығы саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі.

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЖОЙҚЫН КӨШПЕНДІ ЗИЯНКЕС

БҰҰ деректері сүйенсек, зиянкестер жыл сайын әлемдегі барлық дақылдың 40%-ын жойып, шамамен $70 млрд жуық шығын әкеледі екен. Ал шегіртке миллиондаған үйірімен алқап біткенді аралап, тақырлап кете алады. Халықаралық Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы бір шаршы шақырымды алатын 80 млн шегіртке бір-ақ күнде 35 мың адамның азығын жойып кетеді деген тұжырым жасады. Осылайша шөл шегірткесіне «әлемдегі ең жойқын көшпенді зиянкес» деп сипаттама берді.

Фотосуретті түсірген: pexels.com
Фотосуретті түсірген: pexels.com

ЖЕР БЕТІ ЖЫЛЫНҒАН САЙЫН ЖӘНДІКТЕР КӨБЕЙЕ БЕРЕДІ

Америкалық ғалымдар сынап бағанасы 1 градус көтерілгенде бидай, күріш және жүгері дақылдарына келетін қауіп 10-25%-ға артады дейді. Қоршаған ортаның температурасының жоғарылауы жәндіктердің биікке көтерілуіне және таулар сияқты табиғи кедергілерді еңсеруіне мүмкіндік береді екен.

Аризона университетінің «Шегірткелерді зерттеу жөніндегі жаһандық бастама» ұйымының директоры Эриан Сиз жер беті жылынған сайын қауіп еселенеді дейді:

«Шегіртке әлемдік азық-түлік қорының 10%-ын жойып жібере алады. Жалпы айтқанда, болашақта шегіртке шабуылы жаһандық жылыну салдарынан жиірек және көбірек болады деп күтілуде».

Принстон университетінің профессоры Кертис Дойч та осы пікірде:

«Тропиктерді қоспағанда, барлық жерде температураның жоғарылауы жәндіктер популяциясының көбеюіне әкеледі. Әрі олар өз энергиясын сақтау үшін көбірек қоректенуі керек. Сондықтан олар дақылдарды көбірек жояды».

Сингапур Ұлттық университетінің ғалымдары да шегірткенің көбеюіне климаттың әсері барын растап отыр. Қатты жел мен жауын-шашын шөл шегірткесінің өршуіне әкеліп соқтыруы мүмкін дейді.

ТАРИХТАҒЫ ЕҢ ІРІ ШЕГІРТКЕ ШАБУЫЛДАРЫ

1875 ж. — АҚШ-тағы қанатты зиянкестердің ең ауқымды шабуылы. Шегіртке үйірі 2 млн м2 жуық жерді жауып, 6 сағат бойы тұрған.

1915 ж. — Австралиядағы $25 млн шығын әкелген апат. 20 жылдан кейін елде осындай жағдай қайталанды.

1986-1989 жж. шегіртке Африканың 30-ға жуық еліне зиянын тигізді. 1988 жылы халықаралық көмек қаражаты шамамен $250 млн жетті. Аталған жылдың қаңтар айынан бастап шілдеге дейін 3 млн литр пестицид қолданылды.

2004 жылы Үнді мұхитында болған циклондардан Африка мен Араб түбегінде нөсер жауып, шегірткенің күрт көбеюіне аса қолайлы жағдай туған. Салдарынан, Африканың егін шаруашылығына $2,5 млрд шығын келген.

2013 жылы бұл зиянкестер Мадагаскар аралының жартысынан астам аумағын басып алды. Төтенше жағдаймен ауқымды түрде күрес жұмыстарын жүргізу үшін $22 млн көлемінде қаржыландыру қажет болды. Арал халқының 60%-ға жуығын құрайтын 13 млн адамға аштық қаупі төнді.

2019-2020 жылы Шығыс Африкада соңғы 25 жылдағы ең ірі шегіртке шабуылы орын алды. Жәндіктер Сомалиден бастап Кения мен Эфиопияға дейінгі аумаққа таралды. Бүкіл егінді жайпап, ауқымды дағдарысқа себеп болды. Нәтижесінде 25 млн астам адам аштыққа ұшырады.

Фотосуретті түсірген: 24TV.ua
Фотосуретті түсірген: 24TV.ua

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ШЕГІРТКЕ МӘСЕЛЕСІНІҢ АХУАЛЫ ҚАНДАЙ?

Елімізде шегірткенің 270-тен астам түрі мекендейді, оның ішінде 10-15 түрі қауіпті болып табылады. Ең қауіпті түрлері — азиялық, мароккалық және итальяндық прус.

Шегірткелердің қатты өршуі Қазақстанда соңғы рет 1999 жылы болды. 4,4 млн га жерге жайылды. Алайда тек 2,4 млн га жер өңделіп, 220 мың га жуық ауыл шаруашылығы дақылы зақымданды. 2000-2002 жж. зиянкестермен күрес шаралары күшейтіліп, химиялық өңдеу жұмыстарымен 14,1 млн га жер қамтылды. 5 млн га алқапта агротехникалық әдістер қолданылды. Нәтижесінде, шегірткелердің таралуын тежегендей болып еді. Алайда 2005 жылдан бастап шегірткелердің саны қайта көбейе бастады.

Соңғы жылдары да шегірткенің таралу аймағы өсіп келеді. 2020 жылы 514 мың га, 2021 жылы 626 мың га, 2022 жылы 975 мың га, 2023 жылы өңдеу 1,6 млн га алаңда жүргізілді. 2024 жылы шегірткеге қарсы 2,8 млн га алқап өңделді. Өңдеу жұмыстарына бюджеттен 8,1 млрд тг, оның ішінде республикалық бюджеттен 4,2 млрд, Үкіметтің резервінен қосымша 3,9 млрд тг бөлінді.

Шегіртке «көшпенді» зиянкес болғандықтан оған қарсы күрес шаралары көршілес елдермен бірлесе жүргізіледі. Осы орайда РФ-ның Ауыл шаруашылығы министрлігімен 2000 жылғы 14 маусымда, ҚХР-ның Ауыл шаруашылығы министрлігімен 2002 жылғы 23 желтоқсанда және Өзбекстан Республикасының ауыл және су шаруашылығы министрлігімен 2006 жылғы 20 наурызда шегірткемен және ауыл шаруашылығы дақылдарының басқа да зиянкестері мен ауруларына қарсы күрес жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.

АЛДАҒЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?

Жақында Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте шегірткеге қарсы күреске дайындық және көктемгі дала жұмыстарына әзірлік барысы туралы тақырыптар талқыланды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, 2024 жылы химиялық өңдеу үшін 247 техника пайдаланылған болса, 2025 жылы бұл сан 443-ке дейін ұлғаймақ. Оның ішінде агродронды 50-ден асыруды көздеп отыр. Яғни қазір 7 болса, оған 46 агродрон қосылмақ.

«Түркістан облысында өткен жылдың көктемінде агродрондар арқылы алқаптарды бүрку және пестицидтерді сатып алу, тасымалдау, сақтау және өңдеуді қоса қамтитын орталықтандырылған қызметті пилоттық түрде сынақтан өткізу жобасының нәтижелері бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитариялық шараларды барлық өңірлерде «Бір жеткізуші — барлық жұмыстар» қағидаты бойынша ұйымдастыруды енгізді. Бұл бизнеске аталған қызметтерді сатып алуға қатысуды тартымды етіп, нәтижеге жауапкершілікті арттырады. Бұдан бөлек, біз фермерлер мен химиялық өңдеу қызметтерін жеткізушілерге агродрондар, жерүсті вентиляторлы және штангалы бүріккіштердің құнының 25%-ын өтеу арқылы қолайлы жағдай жасадық», — деді Ермек Кенжеханұлы.
Фотосуретті түсірген: МСХ РК
Фотосуретті түсірген: МСХ РК

«ШЕГІРТКЕ — ХАЛАЛ». ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР НЕНІ МЕҢЗЕДІ?

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин өткен жылғы маусымда тілшілердің сұрағына жауап беру барысында шегірткенің «халал» екенін атап өткен болатын:

«Шегіртке әрқашан бізбен бірге болды. Динозаврлар мен мамонттардың құрдасы. Біз онымен әрдайым күресіп келеміз, күресе береміз. Кейбір елдер оларды өндіруді және олардан керемет ақуыз тағамдарын дайындауды үйренді. Әрине, бұл бізге келмейтін шығар. Бірақ, шын мәнінде, бұл халал өнім».
Источник фото: Еldala.kz
Источник фото: Еldala.kz

Оның бұл сөзі қоғамда қызу талқыға түскеннен кейін вице-премьер сөзіне түсініктеме беріп кетті. Шегірткені жеуге кеңес бермегендігін айтып, тек әлем елдеріндегі тәжірибені зерттеп жатқандарын түсіндірді:

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы бұрыннан тиісті тапсырма алды. Ол қазір әлемдік тәжірибені талдаумен айналысады: басқа елдер осы жәндіктермен қалай жұмыс істейді, оларды қалай өсіреді, ұстайды — зерттеп жатыр. Тарихи тұрғыдан алғанда, біздің аумағымыз олардың көбеюіне қолайлы болғандықтан, біз ел ретінде бұдан қандай пайда көре алатынымызды түсінуге тырысайық. Менің ойымша, бұл логикалық тәсіл, мемлекеттік тәсіл».

Қазақстан ғалымдары да болашақта шегіртке өндірісін қолға алуды ұсынуда. Себебі әлемде бұл жәндікке сұраныс бар. БҰҰ деректері бойынша әлемде 2 млрд адам жәндіктердің 1900 түрін жейді екен.

Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Бақытжан Дүйсембеков шегірткені босқа жоймай, оны өңдеп, экспортқа шығаруға болатынына сенімді:

«Бұл технология, негізінен, Еуропада, басқа елдерде және Америкада өте жиі кездеседі. Яғни, биофабрикаларда оларды жасанды түрде көбейтеді. Сол кезде ол табысты болып саналады. Басқаша айтқанда, үздіксіз процесс. 12 ай сайын сіз тұрақты шикізат — шегіртке немесе басқа да жәндіктерді алып отырасыз және оны өңдеу тиімді болады. Бұл табысты бизнес, одан пайда табуға болады».

Қалай болғанда да, бұл істің жақын арада жүзеге асып кетуі екіталай. Сондықтан, бәлкім әзірге, шегіртке Қазақстан үшін пайда әкелетін табыс көзі емес, керісінше, шығынға ұшырататын зиянкес болып қала береді.

© Анар Ажигалиева, baibolsyn.kz, 2025 ж.

Узнавайте первыми самые свежие новости агробизнеса Казахстана на нашей странице в , подписывайтесь на нас в или на нашу рассылку.

Соңғылары

Сату
Бүгін
АН
Анна
Шымкент, Казахстан
Оборудование для телят Престартер для телят
1 - 40 тонна Алып кету, FCA, Қоймаға, DAP, DAT, CPT жеткізу
ҚҚС-сыз теңге
килограмм
370 тг
Сату
Бүгін
АН
Анна
Алматы, Казахстан
Оборудование для телят Престартер для телят
1 - 40 тонна Алып кету, FCA, Қоймаға, DAP, DAT, CPT жеткізу
ҚҚС-сыз теңге
килограмм
370 тг
Сату
Бүгін
АН
Анна
Павлодар, Казахстан
Оборудование для телят Престартер для телят
1 - 40 тонна Алып кету, FCA, Қоймаға, DAP, DAT, CPT жеткізу
ҚҚС-сыз теңге
килограмм
360 тг
Сату
Бүгін
АН
Анна
Усть-Каменогорск, Казахстан
Оборудование для телят Престартер для телят
1 келі
1 - 40 тонна Алып кету, FCA, Қоймаға, DAP, DAT, CPT жеткізу
ҚҚС-сыз теңге
килограмм
370 тг
Сату
Бүгін
АН
Анна
Астана, Казахстан
Оборудование для телят Престартер для телят
1 келі
1 - 40 тонна Алып кету, FCA, Қоймаға, DAP, DAT, CPT жеткізу
ҚҚС-сыз теңге
килограмм
340 тг
Біздің серіктестер