Алматыда жүлде қоры 82,5 млн теңге болатын бәйгеден Қазақстан чемпионатының финалы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген шабандоздар өз шеберлігін көрсетті. Тартысты бәсекеге еліміздің бірнеше өңірінен 160-тан астам тұлпар қатысты. Ат жарысы Алматы әкімдігі мен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Жарысты бастауға ардагер атбегі Сәбит Жанкөліков ақ бата берді. Сөйтіп, шабандоздар атқа отырып, жарыс жолына шықты. Жалпы, чемпионат финалы бәйгенің 7 түрі бойынша ұйымдастырылды. Жарыс қорытындысы бойынша бірнеше жеңімпаз іріктелді. Атап айтсақ, ұшқыр бәйге сайысы бойынша І орынды шабандоз Дидарбек Күрішбек иеленді. 1-орын үшін жүлде қоры 2,5 млн теңге болды.
Құнан бәйге сайысында шабандоз Арнат Мұратхан Жұлдызай тұлпарымен жеңіске жетті. Мұнда 1-орын үшін 5 млн теңге, 2-орын үшін — 2,5 млн теңге және 3-орын үшін — 1,5 млн теңге тігілді.
Жорға жарыс сайысында I орынды шабандоз Мақсат Мүсілімұлы Банзай атымен жеңіп алды. 1-орын үшін жүлде қоры 3 млн теңгені құрады. Құнан бәйгенің финалдық жарысында шабандоз Арнат Мұратхан бірге Зымыран арғымағымен жеңімпаз атанды. 1-орын үшін 5 млн теңге берілді.
Топ бәйге сайсында жарыс қорытындысы бойынша бірінші жүлдені шабандоз Абзал Тұрмыс Тұмар есімді атымен жеңіп алды. Оған 8 млн теңге берілсе, 2-орын үшін — 3 млн, 3-орын үшін 1,5 млн теңге қарастырылды.
Аламан бәйге бойынша I орынды шабандоз Әлішер Тілек Құпия есімді арғымағымен иеленді. 1-орын үшін жүлде қоры 10 млн теңгені қамтыды.
Биыл 36 шақырымға созылған аламан бәйге тұңғыш рет өткізілді.
Ұлы Алман бәйгесінде І орынды Шағала атымен шабандоз Асланбек Әбдіхал жеңіп алды. Оған 9 миллион теңгелік сертификат табысталды.
Жарыс ұйымдастырушылары төртінші, бесінші орын алған шабандозды да ұмыт қалдырмай, ақшалай сыйлықпен марапаттады.
Жүлде қоры үлкейген сайын бәйгенің аттарының да деңгейі өсе береді. Осы уақытқа дейін аттың бағасы 12 000-10000 доллар болса, қазір жылқыны 30 000, 50 000, 60 000 долларға сатып алып жатыр, — деді Qazaq jockey club-ының төрағасы Мақсат Ақаев.
Чемпионаттың музыкалық көңіл күйін Федерация амбассадоры Асылбек Еңсепов, қазақ эстрадасының сүйікті әртістері Медеу Арынбаев пен Әзімбек Бейлин көтерді. Іс-шара аясында «Ұлттық киім — ұлт ажары» байқауы ұлттық костюмдер байқауы да өтті.
Айта кетерлігі, келер жылы чемпионатқа жаңа қалаларды қосу және қатысушылар үшін жүлде қорын ұлғайту жоспарлануда. Сондай-ақ, қатысушылар санын арттырып, жүлде қорын ұлғайту қарастырылмақ.
Оқиғаның видеорепортажын қараңыз: