Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаусыз дамыту мүмкін емес. Бұл аксиома, әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да қолданылады. 2024 жылдың басынан бастап қазақстандық аграршыларға бөлінген жеңілдікті несиелердің рекордтық сомасы мұның айқын дәлелі - 580 млрд теңге. Сонымен қатар елдің 12 өңіріне әсер еткен аномальды көктемгі су тасқынынан кейін жүздеген фермерлер үшін мемлекеттік қолдау шаралары әрі қарай дамуға ынта ғана емес, тіршілік ету мен шығындарды өтеудің жалғыз мүмкіндігі болды. Қазақстанның зардап шеккен аймақтарында төтенше жағдай режимі аяқталғанына бірнеше ай өтсе де, мемлекеттік қолдау тақырыбы өзекті болып қалуда, өйткені су тасқынының салдарын жою - қысқа процесс емес. Аграршыларға жеңіл болу үшін біз мемлекет зардап шеккен фермерлерге қалай және қандай көмек көрсететінін жалпылауға және жүйелеуге тырыстық.
Жалпы алғанда, аномальды су тасқынына дейін және одан кейінгі аграршыларды мемлекеттік қолдау жүйесі айтарлықтай өзгерген жоқ. Негізгі екі өзгеріс бар. Қазақстанда енді табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккен аграршыларға келтірілген залалды өтеу ережелері қолданылады. Бұл ережелер бойынша қырылған мал мен жойылған егістер үшін өтемақы төлеу қарастырылған. Сондай-ақ зардап шеккен аграршыларға 2024 жылдың 1 сәуірінен 30 маусымына дейін, 3 айлық мерзімге автоматты түрде несиелік төлемдерді кейінге шегеру мүмкіндігі берілді. Дегенмен, бұл шаралар қазір аяқталды: ауылшаруашылық өтемақысына өтінімдер нақты аймақта төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап 60 күн ішінде берілуі тиіс болатын. Ал «несиелік демалыс» аяқталды.
Сонымен қатар өтемақы төлеу ережелері әлі де түзетілуде. Оларға жақында ғана нақтыланған өзгерістер енгізілд - 2024 жылдың 9 тамызынан күшіне енді. Атап айтқанда, «із-түссіз жоғалған» жануарларға өтемақы төлеу үшін өлу актісін жасау кезінде ауылдық округ әкімі, учаскелік инспектор және ветеринариялық қызмет өкілінің қатысуымен ауыл тұрғындарының арасынан үш куәгерді тарту қажеттігі нақтыланды.
Жалпы алғанда, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен фермерлерге қатысты барлық мемлекеттік қолдау шараларын үш үлкен топқа бөлуге болады — атап өтілген өтемақы мен кейінге шегеру түріндегі арнайы шаралар, мемлекеттік субсидиялардың әртүрлі түрлері және жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары.
2024 жылы қазақстандық фермерлер үшін субсидиялау бойынша аса бір қатты өзгеріс болған жоқ. Несиелеу бағдарламаларының да жағдайы осындай. Нақтырақ айтқанда, жаңа субсидия түрлері талқылануда және әзірленуде, қаржыландырудың жаңа нұсқалары пайда болуда. Мысалы, 2024 жылы көктемгі-егіс және жинау жұмыстарына арналған «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша жаңа несиелеу түрі енгізілді және қарқын алуда. Отандық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау механизмі енгізілді. Яғни мемлекеттік қолдау шаралары жетілдірілуде, бұл фермерлерге қиын кезеңдерді бастан өткеруге көмектеседі. Десе де, мұның 2024 жылғы су тасқынына қатысы жоқ.
Өтемақы төлеу туралы айтатын болсақ, алғашқы қорытындыларды шығаруға болады. ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша маусымның басында Қазақстанда шамамен 12,5 мың малдың қырылуы тіркелген. Осы көрсеткіштің жартысына жуығы ұсақ мал мен құсқа тиесілі. Ірі қара малдың шығыны шамамен 4,3 мың басты құрады, ал жылқынікі – 1,7 мың бас. Негізінен ҚР-дағы төрт облыстың мал өсірушілері зардап шекті: Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары. 130 мыңға жуық мал эвакуацияланды. Жалпы мал өлімі тоғыз өңірде тіркелген. Бұл ретте фермерлерге төленген жалпы өтемақы сомасы 2,4 млрд теңгені құрады. Өлген сиырдың бір басы үшін орта есеппен 400 мың теңгеге жуық, жылқының бір басы үшін 500 мың теңгеге жуық қаржы төленді.
Өтемақы төлеу процесі кейбір қиындықтармен өтті. Төлем алгоритмін Ауыл шаруашылығы министрлігі сәуірдің басында әзірлеген болатын. Дегенмен, төлем ережелері мамырдың ортасында ғана бекітіліп, бұл процесті тежеді. Қырылған мал саны туралы жағдай да айқын емес. Мысалы, сәуірдің соңында Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасы 4,3 мың малдың қырылғанын хабарлады. Кейінірек өңірде 9,8 мың малдың өлімі тіркелгені туралы ақпарат пайда болды. Министрліктің деректеріне сәйкес Қостанай облысында малдың қырылу оқиғалары тіркелген 3,5 мың бас үшін өтемақы төленген.
Дегенмен, қалай болғанда да ережелер күшіне енген. Сондықтан алдағы уақытта төтенше жағдайлар туындаған кезде фермерлерге өтемақы төлеу әлдеқайда нақты және бір тәртіппен болар деп үміттенуге болады. Алгоритм қалыптасып қойды.
Ережеде көрсетілген өтемақы төлеу рәсімінде бірнеше маңызды сәт бар. Төлем туралы шешімді аудан немесе облыстық маңызы бар қала деңгейіндегі арнайы комиссия қабылдайды. Бұл ретте екі комиссия құру қарастырылған — мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы саласындағы залалды өтеу жөніндегі комиссия.
Ереженің негізгі тармағы – сараланған қаржыландыру. Өтемақы жергілікті бюджеттен немесе бюджеттен тыс көздерден төленеді. Бірақ малдың өліміне өтемақы төленген кезде бюджеттен тек өлген жануардың денесінде сәйкестендіру белгілері (құлақ жапсырмасы, таңба, микрочип) болған жағдайда ғана төленеді. Немесе ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру – АШЖБ дерекқорында жануар туралы ақпарат болған кезде. Егер АШЖБ дерекқорында ақпарат болмаса, малдың денесі табылғанына немесе табылмағанына қарамастан, шығынды өтеу тек бюджеттен тыс көздерден жүргізіледі.
Өсімдік шаруашылығындағы шығындарды өтеуде жер учаскесінің сәйкестендіру және құқық белгілеуші құжаттардың болуы маңызды. Егер оларды табу мүмкін болмаса, комиссия қажетті мәліметтерді жылжымайтын мүлік бойынша бірыңғай мемлекеттік кадастрдан алады. Бірақ егер фермер жер учаскесін тіркемеген болса, шығынды өтеу мүмкін емес.
Өлген мал үшін өтемақының мөлшері сол түрге және жыныс-жас тобына жататын жануарлардың нарықтық құны туралы ҰСБ ресми статистикалық деректері негізінде белгіленеді. Қырылған егістер үшін өтемақы мөлшері – су тасқынына ұшыраған жерлердің ауданына есептелген субсидияларды алып тастағанда, ауылшаруашылық дақылдарын өсірудің технологиялық картасына сәйкес 1 га үшін шығын көлемінде белгіленеді.
Зардап шеккен фермердің әрекет ету алгоритмі қарапайым. Фермерге әкімдіктің ресми сайтында зардап шеккендерден өтінімдер қабылдау туралы хабарландыруды күтіп, өтінімді белгіленген нысанда тапсыру және оған қажетті құжаттарды қоса беру қажет. Қалғаны – нюанстар.
Банк несиелері бойынша төлемдерді кейінге шегеру жайына тоқталатын болсақ, бұл жерде де анықтап түсіндіріп өтпесек болмайды. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректеріне сүйенсек, 22 мамырдағы жағдай бойынша 1,2 мың заңды тұлға мен 81,8 мың жеке тұлғаға жалпы қарыз сомасы 165 млрд теңгені құрайтын несие төлемдерін кейінге қалдыру берілген. Бірақ бұл - қарапайым азаматтар мен бизнес субъектілерін бөлмей қарастырғандағы көрсеткіш.
Сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккендерге, атап айтқанда фермерлерге төлемдерді кейінге шегеруді реттейтін ешқандай құжат жоқ. Мұндай бұйрықты Агенттік тек екі рет - 2020 және 2022 жылдары, бүкіл республика аумағында төтенше жағдай жарияланғаннан кейін шығарған болатын. 2024 жылы бұл мәселе тек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен шектелді, оны іске асыруды Агенттік нормативті-құқықтық актілер шығармай-ақ қамтамасыз етті. Тек жастарға арналған микрокредит алушылар ғана ерекшеленді — кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шараларын ұйымдастыру және қаржыландыру ережелеріне өзгерістер енгізілді. Жаңа өзгерістерге сәйкес, төтенше жағдай туындаған кезде қарыз алушыларға төлемдерді кейінге шегеру мүмкіндігі беріледі: ағымдағы жылғы төлемдер келесі жылға ауыстырылады.
Десе де, нормативтік тұрғыдан реттелмегеніне қарамастан, зардап шеккен фермерлер бірнеше маңызды жайтқа назар аударғаны жөн.
Біріншіден, фермер өзінің су тасқынынан зардап шеккендердің тізіміне енгізілгеніне көз жеткізуі керек. Себебі барлық қаржы мекемелері кейінге шегеру туралы шешім қабылдағанда әкімдіктерден алынған мәліметтерге сүйенеді.
Екіншіден, Аграрлық несие корпорациясы (АНК) сәуірдің басында-ақ зардап шеккен фермерлерді АНК және оның еншілес құрылымы, агро сегменттегі негізгі кредитор болып табылатын КазАгроФинанс (КАФ), фермерлер үшін арнайы төлемдерді кейінге шегеру режимін белгілейтінінен хабардар етті:
- 2024 жылғы төлем кестелері бойынша барлық төлемдер 2025 жылға ауыстырылады;
- 2024-2025 жылдары несие мерзімі аяқталатын келісімшарттар бойынша төлемдер 24 айға дейін ұзартылатын болады;
- көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына несие алған қарыз алушыларға егін жинау аяқталғаннан кейін төлемдерді қайта құрылымдау немесе ұзарту мүмкіндігі беріледі;
- көктемгі су тасқынына байланысты төлемдерді кешіктіргені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмейді.
Алайда жоғарыда аталған төлемдерді кейінге шегеру шарттары барлық фермерлер үшін емес. Атап айтқанда, 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша АНК немесе КАФ алдында 90 күннен астам мерзімі өткен төлемдері бар фермерлер үшін кейінге шегеру қарастырылмайды. Дегенмен, оларға да 30 маусымға дейін айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмеді.
Сонымен қатар стандартты шарттар КАФ алдында 370 млн теңгеден астам және АНК алдында 863 млн теңгеден астам қарызы бар фермерлерге қолданылмайды. Бұл қарыз алушылар санатымен қаржы мекемелері жеке келіседі.
Бұл - классикалық жағдай. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бастапқыда қаржы мекемелері су тасқынынан зардап шеккен бизнес субъектілеріне кейінге шегеруді жеке тәртіпте қабылдайтынына назар аударған еді.
Аграрлық бизнес субъектілерін субсидиялаудың өз ерекшелігі бар. Қазақстанда берілетін агросубсидиялардың тізімі айтарлықтай үлкен - бірнеше ондаған позициядан тұрады. Басты блок саны, дәл өтемақы жағдайындағыдай, екеу - өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы.
Нюанс мынада: субсидиялар аграрлық қызметтің барлық түрлеріне емес, тек АӨК дамыту үшін стратегиялық маңызды бағыттарға, мысалы, асыл тұқымды бұқаларды сатып алу немесе ара ұяларымен жұмыс істеу сияқты тар бағыттарға субсидиялар беріледі. Немесе суару үшін суды сатып алуға жұмсалған шығындар сияқты жаһандық қажеттіліктерді субсидиялау.
Сондықтан фермерге су тасқынынан қандай зиян келсе де, ол тек әдеттегі субсидиялар жиынтығына сенім арта алады.
Сонымен қатар су тасқынына қарсы мамандандырылған субсидияларды анықтау мүмкін емес, өйткені субсидия зиянды өтеу емес, фермердің шығындарының бір бөлігін өтеу болып табылады.
Сондай-ақ субсидиялардың көпшілігі әкімдіктердің ағымдағы жылға арналған тиісті қаулылары шыққаннан кейін жергілікті бюджет есебінен төленеді. Сондықтан әр аймақта субсидиялардың көлемі мен түрлері әр түрлі болады.
Көрнекі мысал ретінде басым дақылдарды өсіруді субсидиялауды атауға болады. 2024 жылы зардап шеккен Қостанай облысында бар болғаны екі басым дақыл болды – күнбағыс (субсидия мөлшері тоннасына 23,3 мың теңге) және қарақұмық (16,5 мың теңге). Салыстырмалы түрде Жамбыл облысында басым дақылдар - төртеу, ал 2024 жылы күнбағысқа субсидия мөлшері - тоннасына 20 мың теңге. Сонымен қатар жылыжайда көкөніс өсіру субсидияланады. Су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысында 2024 жылы үш басым дақыл бар: күнбағыс (тоннасына 15 мың теңге), қарақұмық пен сафлор — өсірілген өнімнің тоннасына 10 мың теңге. Жалпы, нормативтік құқықтық актілердің Ақпараттық-құқықтық жүйесінде басым дақылдарды өсіруді субсидиялау туралы қаулылар Қазақстанның алты облысында ғана бар. Сондықтан фермерлер үшін ең алдымен 2024 жылы өздерінің әкімдігінен қандай субсидиялар бар екенін және төлемдердің мөлшерін нақтылап алу қажет.
Көптеген аймақтарда фермерлерге берілетін өсімдік шаруашылығына арналған тағы екі классикалық субсидия түрі – тыңайтқыштар және пестицидтер мен биоагенттерді сатып алуға арналған субсидиялар. Батыс Қазақстан облысының әкімдігі тыңайтқыштарға арналған субсидиялардың көлемі мен мөлшерін наурызда бекіткен болатын. Сәуірде – Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстарының әкімдіктері, мамырда – Ұлытау облысының әкімдігі, шілдеде – Ақтөбе облысының әкімдігі. Әр аймақтағы тыңайтқыштардың тізімі әртүрлі, бірақ мөлшері іс жүзінде бірдей, өйткені барлық көрсеткіштер Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісіледі. Мысалы, аммиак селитрасының 1 тоннасына көптеген аймақтарда 65 мың теңге мөлшерінде субсидия беріледі.
Пестицидтерге арналған субсидиялармен де жағдай ұқсас. Ал фермерлер сатып алатын суға субсидия мөлшері тарифке байланысты. Барлық аймақтарға арналған нормативтік көрсеткіш белгіленген және 2024 жылға өткен жылдың соңында бекітілген болатын. Мысалы, ҚҚС есепке алмағанда 1 текше метр суға тариф 4 теңгеге дейін болған жағдайда субсидия 50% мөлшерінде беріледі.
Дегенмен субсидия алу жолын фермер кез келген жағдайда өз әкімдігінен немесе қызмет көрсетушіден бастаса дұрыс болады.
Өкінішке орай, жалпы жағдай әлі де мінсіз емес. Мысалы, зардап шеккен мал өсірушілер үшін жем-шөпті субсидиялау өте маңызды. Алайда қазіргі мал шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік қолдау нормаларына сәйкес жем-шөпке арналған субсидиялар жергілікті бюджет есебінен және аймақтың ерекшеліктері мен мамандануын ескере отырып, жергілікті атқарушы органның қалауы бойынша төленеді. Мысалы, Атырау облысында субсидияның бұл түрі бекітілмеген, осы себепті шілде айының соңында жанжал туды. Жергілікті фермерлер жиналыста билікке жем-шөпке субсидия беру және тасқыннан зардап шеккен шаруашылықтарға өтемақы төлеу туралы өтінішпен жүгінді. Аграрлар өз шаруашылықтарын мемлекеттік қолдаусыз сақтап қала алмаймыз деп алаңдайды, ал тасқыннан келген шығынды өтеуге арналған қолданыстағы механизмдер жеткіліксіз. Бұл жағдай тек Атырау облысында ғана емес. Болашақта бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешіледі деп үміттенуден басқа амал жоқ.
© Валентин Хорошун, baibolsyn.kz, 2024 ж.