Қазақстанның аграрлық ғылымында жүргізіліп жатқан реформалар мазмұнын өзгертпестен басқарудың әкімшілік нысандарымен шектеледі. Нәтижесінде ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасы мен тиімділігі төмендеп, ғалымдардың кадрлық құрамы нашарлады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Сенаттағы үкімет сағатында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
"Соңғы екі жылда ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы (ҰАҒБО) құрамындағы 20 ғылыми-зерттеу институттары мен эксперименттік станциялар жоғары оқу орындарының басқаруына өтті. Сонымен қатар, ҰАҒБО-ны қайта құру мақсатында алғашқы қадамдар жасалды және ұйымдағы білікті кадрлар басқа жұмыс іздеуге мәжбүр болды", - деді Айдарбек Сапаров.
Ол сондай-ақ ТМД елдерімен салыстырғанда аграрлық ғылымды қаржыландырудың төмен деңгейін атап өтті. Мысалы, 2022 жылы Қазақстанда аграрлық ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалған қаражат көлемі саланың жалпы ішкі өнімінің 0,1% ғана құрады. Арменияда бұл көрсеткіш 0,3%, Беларуссияда – 0,6%, Ресейде – 1,2% құрайды.
"Жалпы, аграрлық ғылымда жүргізілген реформалар оң нәтиже бермеді, ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс нашарлады", - деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы.
ҚР президенті ҰАҒБО-ны Агротехнологиялық хабқа айналдыру міндетін қойды. Сапаров атап өткендей, осы тапсырманы іске асыру үшін Орталықты жоюды тоқтатып, оны қалпына келтіру қажет.
"Біз ҰАҒБО-ны білікті мамандар мен ғалымдарды тарта отырып, ғылыми-зерттеу қызметінің барлық кезеңдерін қамтитын аграрлық зерттеу орталығына айналдыруға ниеттіміз. Бүгін біз осы орталықтың трансформациясын бастадық. Ол үшін біз аграрлық жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибе станцияларының басшыларымен, ғалымдармен кеңесіп, олардың ұсыныстарын тыңдадық. Нәтижесінде шашыраңқы ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелік шаруашылықтарды бір жерде шоғырландыру туралы шешім қабылданды", - деді министр.
Қараша айының басында ЖОО-ға берілген 10 ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелік станциялар ҰАҒБО құрамына қайтарылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы мәлімдегендей, бұл жұмыс жалғасатын болады.
"Осы процесс аяқталғаннан кейін Орталықтың алдына белгілі шетелдік агрономиялық орталықтармен толыққанды ғылыми-практикалық ынтымақтастық орнату міндетін қоямыз және агрономия мен бизнес арасындағы байланысты жандандыруды жоспарлап отырмыз", - деді Айдарбек Сапаров.