19 Мамыр, 2023 Мақалалар
0  

ЖҮЙРІКТЕН ЖҮЙРІК ОЗАР ЖАРЫСҚАНДА...

ЖҮЙРІКТЕН ЖҮЙРІК ОЗАР ЖАРЫСҚАНДА...
Бәйгеден Қазақстан чемпионатының іріктеу кезеңі. Шымкент, Қазақстан

Бабаларымыз ұлан-асыр астарда адам мерейін емес, ауыл-аймақ мерейін үстем ету үшін тұлпарларын талай мәрте тартысты бәйгелерге қосқан. Сол арқылы арғымақтың, атбегі мен шабандоздың, сондай-ақ, оның иесі саналғанның аты алты алашқа кеңінен мәлім болып, серінің даңқы жер жарған.

Елімізде Бәйгеден Қазақстан чемпионатының іріктеу кезеңдері өтіп жатыр. Жүйріктердің жарысы бұл жолы оңтүстік шаһар – Шымкетте ұйымдастырылды. Атап айтсақ, 25 жылқы қосылған 8 шақырымдық Құнан бәйгесі, 27 сәйгүлік жарысқан Топ бәйге мен Аламан дода өтті. Чемпионатта республиканың барлық өңірінен келген 120-дай қатысушы болды. Оза шауып келгендерге қомақты қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеген ауқымды шара туралы Фариза Мұсақызы кеңінен тарқатады.

Бәйгесі, Шымкент
Бәйгесі, Шымкент

«Ақмоншақ деген арғымақ болған, қыл құйрықты жануарларға қызығатын азаматтар арасында аты мәшһүр....»

Қуат Әбдісаламов - өмірінің жиырма алты жылын атбегілікке арнаған азамат. Жануарды құлынынан, сырт пішініне қарап-ақ таниды. Шымкенттегі бәйгеге Алматыдан әкеліп ат қосып отыр. Алайда, біз онымен сұқбаттасқанда, бұл жолғы жарыс жолындағы тұлпары туралы емес, сырласына айналған Ақмоншағын еске алғысы келді. Өйткені, Ақмоншақ – өзінің екі жылдық карьерасында 8 көлік, 1 пәтер ұтқан тұлпар. Атап айтсақ, бәйгеден осынша жетістікке жетелеген Қазақстандағы жалғыз жылқы бұл. Сол себепті болса керек, Ақмоншақ аты бұл ортада кеңінен танымал. Қуат Ақмоншақты Ресейден өзі таңдап әкелгенін айтады. Жануардың мінезі қабағынан-ақ көрініп тұратын, - дейді ол. Текті тұлпар аурып өлген. Өздері коронавирустан деп тұспалдайды.

Хош, бұз сұқбаттасып болғанша, Құнан бәйге жарысы да аяқталып қалды. Қысқа қашықтыққа шапқандар төрт айналым жасады. Мықтылары анықталды.

Құнан бәйгесі
Құнан бәйгесі

Жылқылардың шабысынан шабыт алып, аламан десе делебесі қозатын ағайынды көп көрдік. Соның бірі - 50 жылдан бері ат баптап, бәйгеге тұлпар қосып жүрген қария - Сәбит Жанкөліков. Өзі өмір бойы жылқышы болған. Көненің көзі болғасын ба, жалғыз ғана осы ақсақалдан «Бәйгеден бастысы жануар мен шабандоз аман келсе, жарыстың жақсы өткенінің белгісі сол» деген пікірді естіп қалдық. Көңілге жылу ұялатты..

«Шетелден әкелінген болсын, елде туып, бапталғаны болсын, бүгінде жылқылардың бәрі жүйрік. Бірақ, бәйгеге қосатын аттардың бапкерлері дұрыс болуы керек. Соған көңіл аудару қажет. Екеуі бір- біріне сай болса ғана, оқ бойы озып шығары сөзсіз», - дейді Сәбит Жанкөліков.

Сәбит атаның әңгімесін тыңдап болғанымызша, жарыстың келесі түрі -Топ бәйге де аяқталды. Шабандоздарды тосып алдық.

Бәйгесі, Шымкент
Бәйгесі, Шымкент

Бұл ретте, жүйріктің бағының жануы шабандозға тікелей байланысты екенін атап өткен жөн. Бәйге жолында жылқының күшін үнемдеп, тілдесе білу өзгеше өнер. Құстай ұшып бара жатқан жүйріктің шабысын реттеу тек тәжірибемен ғана қалыптасатын машық. Топ бәйгедде дес бермей, аттың құлағында ойнаған алматылық Ертай Исламнұрмен тілдестік. Ұлытау атты сәйгүлікпен шапқан бозбала толқып тұрды...

«Баласы бәйге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысар». Көрермендер арасынан жастайынан баланы жылқыға бейім өсірген ата-аналарды да кездестірдік. Айсұлу апай Ұзынағаштан келген. Шабандозын Әтөн деп таныстырды. Ботагөз тұлпарлары аламан бәйгеге қатысып жатыр. Айтпақшы, осы Ботагөз атты жануар сол Аламаннан алғаш келді. Қанжығасына тағы бір жеңіс байлады.

Бәйгесі, Шымкент
Бәйгесі, Шымкент

Осы орайда, «шабандоз тізгінді үнемі жинап ұстауы қажет. Оның өкшесі башпайларының деңгейінен төмен болуы тиіс» деген заңдылықтарды да бәйге тамашалау барысында «сарапшылардан» естіп қалдық...

Ат баптап, жүйрік жарату, бәйгеге қосу – қазақтың қанына сіңген, атадан-балаға мұраға қалған игі дәстүр. Қазақтың дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіров айтқандай, «жанына халқымыздың жылқы жаққан...» немесе ескіден жеткен есті сөз «Ер қанаты – ат» сияқты тәмсілдерде бағзы заманның сыр-сарыны жатыр.

Тұлпарлардың дүбіріне атойлаған жүректердің дүрсілі қосылғанда қазақтың маң даласы құлағын түреді. Міне, біз де сол көріністің куәсі болдық. Беделді бәйге мұнымен тоқтамайды. Текті тұлпарлардың келесі дүбірі, 27 мамырда еліміздің батыс өңірі Ақтөбе қаласында өтпек. Ат спортымыздың бұл түрін дамытуға мейлінше көңіл бөлініп жатқаны көңілге қуаныш сыйлайды.

Бәйгесі, Шымкент
Бәйгесі, Шымкент

Авторы: Фариза Калимурзина

Узнавайте первыми самые свежие новости агробизнеса Казахстана на нашей странице в , подписывайтесь на нас в или на нашу рассылку.
Біздің серіктестер