Қазақстанда мал шаруашылығы бойынша алғашқы Dala Camp интенсиві өтті. Әр түрлі қаладан осы саладағы білімін толықтыруға, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ агробизнестің қыр-сырын меңгеруге ниетті фермерлер келді.
Кэмптің қатысушылары әлеуметтік желіде өткізілген конкурс бойынша анықталған болатын.
Шығыс Қазақстан облысынан келген Нұржан Кайлюбаевтың өз фермасы бар. Алғашында небәрі 8 бас жылқымен бастаған, қазіргі таңда 200 басқа жетіп отыр.
Ал Жанарыс Əбдіманап - жас фермер əрі кэмптің ең жас қатысушысы. Ол Алматы облысындағы “Жанарыс-Алтынай” шаруа қожалығында əке ісін жалғастырып отыр. Үшінші қатысушы Жасұлан Берікжанұлы да Алматы облысынан келген, OSP Farm мал бордақылау алаңының басшысы. Оқыту семинарына жолдама алған тағы бір ерекше қатысушы, табақ тартудың жөн-жосығын меңгерген, етті жақсы тани білетін Бауыржан Сман болды. Ол - Астанадағы ет дүкендерінің иесі. Бауыржан өз кәсібін кеңейтіп, мал шаруашылығымен айналысуды жоспарлап жүр.
Оқыту 4 күн бойы Торғай облысы (қазіргі Қостанай облысы), Амангелді ауданында орналасқан “Береке” шаруа қожалығының аумағында өтті.
Торғай даласы өзінің дүре тимеген таза табиғатымен, қош иісті өсімдіктерімен және де сирек кездесетін жануарларымен ерекшеленеді. Бұл жерге жету кез келген туристке бұйыра бермейді. Бірнеше шақырымдарды жапан түзбен жүріп өту керек. Алайда мал шаруашылығы үшін, әсіресе, еркін жайылым үшін өте қолайлы аймақ.
Оқыту бағдарламасы теория мен практиканы қамтыды. Негізгі спикер Dala Camp-тің ұйымдастырушысы, «Береке» шаруа қожалығының басшысы Жәнібек Кенжебаев болды. Семинар жайлы идея оған бірнеше жыл бұрын келген. Енді алдағы уақытта жүйелі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар өздерінің тәжірибелерімен осы саладағы басқа мамандар да бөлісті - агросубсидия маманы Динара Молдагаипова мен ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Гүлшат Шайкамал.
Әр күн сіңімді таңғы астан басталды.
Бүгінгі күні «Береке» шаруа қожалығында жеті мыңға жуық мал басы бар, оның жартысын жылқылар құрайды. Мұнда жылқының мұғалжар тұқымын, ірі қараның қалмақ тұқымын және қойдың еділбай тұқымын өсіреді.
Бүгінгі күні «Береке» шаруа қожалығында жеті мыңға жуық мал басы бар, оның жартысын жылқылар құрайды. Мұнда жылқының мұғалжар тұқымын, ірі қараның қалмақ тұқымын және қойдың еділбай тұқымын өсіреді.
Шаруашылықта малды еркін жаю қағидасын ұстанады. Әр үйірдің өз малшысы бар. Мал жыл бойы жайылымдық мал азығымен қоректеніп шығады. Себебі бұл өңірде малды қысы-жазы жаюға барлық мүмкіндік бар.
Кешке қарай қатысушылар қызу пікірталасқа түсіп, өздерінің әсерлерімен бөлісіп, еркін сұхбат құрды. Қалағандары үстел теннисін ойнап, спорт залда жаттықты.
Соңғы күні әр қатысушы семинарды өткенін растайтын сертификатпен марапатталды. Оқыту барысында Жәнібек Кенжебаев бизнес стратег әрі тәлімгер ретінде әр қатысушыға жеке-жеке талдау жасады.
Фермадағы 4 күн де өте шықты. Барлық қатысушы жаңа білім қорымен, үлкен әсермен үйлеріне қайтты. Dala Camp-тің алғашқы тобы оқуды сәтті аяқтады деуге болады. Алда жаңа білім мен жобалар және Қазақстанның мал шаруашылығын белсенді түрде дамытатын бастамалар күтеді.
© Шолпан Жабаева, baibolsyn.kz, 2023 ж.