29 Қаңтар, 2024 Мақалалар
0  

Ірі қара мал өсірудегі заманауи бизнес-модельдер: Қазақстандағы талдау мен перспективалар

EL BAYLYGY КРС Скотоводство Динара Жакупжанова Животноводство Казахстана
Ірі қара мал өсірудегі заманауи бизнес-модельдер: Қазақстандағы талдау мен перспективалар
Ірі қара мал өсірудегі заманауи бизнес-модельдер: Қазақстандағы талдау мен перспективалар

Қазақстанның мал шаруашылығында, әсіресе, етті малды өсіруге байланысты түрлі бизнес-модельдер соңғы жылдары белсенді дамуда. Осы саладағы заманауи трендтерді түсіну үшін АҚШ-та басым болатын үш негізгі жағдайды және оларды Қазақстанда қолдану қаншалықты мүмкін екендігін қарастырайық. Бұл орайда Kusto Group инвестициялық талдаушысы Динара Жақыпжанова көмектеседі.

«Сиыр-бұзау»: шағын фермалар және табынның тиімді мөлшері

«Сиыр-бұзау» деп аталатын бірінші жағдай шағын фермаларда аналық малдың болуымен сипатталады. Бұл ретте фермерлер бұзауларды өсіреді, содан кейін оларды сатады. Негізгі қағида — бұзаулар енесінен ажыратылғаннан кейін 6-8 ай ішінде тауарға айналады. Дегенмен, басында қарапайым болып көрінгеніне қарамастан, бірнеше факторларды ескеру маңызды.

Табынның тиімді мөлшері шешуші рөл атқарады. Жер ресурстары шектеулі АҚШ-та фермалардың 90%-дан астамы аз мөлшерде мал ұстайды, орташа есеппен 50-ге жуық. Жер тапшы емес Қазақстанда 100 бас мал тиімді болып саналады. Мұндай көлемдегі малды ұстау әр малға және табыс әкелетін төлдің шығуына көңіл бөлуде баланс сақтауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар асыл тұқымды болуы да маңызды рөл атқарады. Фермерлер климатқа бейімделуіне және тез өсуіне қарай ангус сияқты етті тұқымдарды өсіргенді жөн көреді.

Қазақстанда асыл тұқымды мал арналған субсидиялар осы модельдің дамуына ықпал ете отырып, бұл инвестицияларды анағұрлым қолжетімді етеді. Сондай-ақ, төл, мал басын толықтыру және өлім-жітім сияқты факторларды ескеру қажет. Шамамен 65-90% құрайтын төл көптеген факторларға, соның ішінде ветеринарлардың жұмысының сапасына байланысты.

Мал басын толықтыру және өлім-жітім — бұл жобаның қаржылық көрсеткіштеріне әсер ететін міндетті шығындар. Ветеринарлық аспектілер бизнестің сәтті болуында маңызды рөл атқаратынын ескеру керек. Тиімді ветеринарлық күтім, дұрыс вакцинациялау және жоғары сапалы ветеринарлық препараттарды қолдану шығындарды азайтып қана қоймайды, сонымен қатар табынның табысты дамуына ықпал етеді.

Сарапшы Динара Жақыпжанова төмендегідей кеңес береді:

«Инвестициялар туралы шешім қабылдамас бұрын, жобаны бастау үшін қажетті шарттарды ескеру қажет. 100 бас аналық мал басы, жер нормалары ескерілген жайылымдар, сумен қамтамасыз ету, малшыларға арналған жылжымалы үйлер, ірі қара малмен жұмыс істеуге арналған дербес станоктар - мұның бәрі бизнесті табысты бастаудың ажырамас бөлігі».

Қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы Қазақстанда инновациялық әдістер мен бизнес-модельдерді белсенді түрде енгізуде. «Сиыр-бұзау» жүйесі мал шаруашылығындағы перспективалы стратегиялардың біріне айналуда. Дұрыс амал жасап, барлық аспектілерді ескерсе, бұл модель қазақстандық фермерлер үшін қосымша табыс көзі бола алады.

Малды өсіріп жетілдіру: арзан жем-шөппен жүзеге асырылатын шағын цикл

Екінші жағдай — өсіріп жетілдіру — арзан жемге қол жеткізе алатын фермерлер үшін қолайлы. Малды өсіріп жетілдіру — фермерлер бұқаша сатып алып, оларды белгілі бір салмаққа дейін бордақылайтын стратегия. Бұл цикл әдетте ұзақ емес: күзде бұқаша сатып алудан көктемде сатылғанға дейін болады. Бұл тәсілідң басты артықшылығы — салыстырмалы түрде қысқа мерзімде 90-нан 180 кг-ға дейін жететін айтарлықтай салмақ қостыру мүмкіндігі.

Фотосуретті түсірген: eldala.kz
Фотосуретті түсірген: eldala.kz
«Ірі қара малдың етті және сүтті тұқымдарының салмақ айырмашылығын ескеру керек. Біздің статистикалық мәліметтеріміз көрсеткендей, ангус сияқты етті тұқымдар күніне орта есеппен 1,7 кг салмақ қосады, ал сүтті тұқымдар осындай жағдайларда тәулігіне 0,8 кг-ға жетеді», — дейді сарапшы.

Мал өсіріп жетілдіруді бастамас бұрын бірқатар факторларды қарастырып, белгілі бір инфрақұрылымды қамтамасыз ету қажет. Бірінші кезектегі талап — қол жетімді жем-шөптің болуы. Сонымен қатар бұқашаларды сатып алу, сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ азықтандыру үшін тиісті инфрақұрылым салу қажет.

Негізгі қадамдарға жем таратқышты пайдалану, су көзінің болуы (ұңғымалар, контейнерлер, науалар, сорғылар), сондай-ақ азықтандыру орындарын салу жатады. Сонымен бірге әртүрлі климаттық жағдайларды ескере отырып, климат және бұрыннан бар инфрақұрылым сияқты факторларды ескерген жөн.

Қазақстанда малды өсіріп жетілдіру жыл бойы ет ұсынысын теңестіру үшін бірегей мүмкіндік болып табылады. Бұл тәсіл фермерлерге бордақыланған малды сұраныс артқан кезде, яғни күзде сатуға мүмкіндік береді. Алайда, бұл модельді сәтті енгізу үшін арзан жем-шөптің тұрақты түрде қолжетімді болуын қамтамасыз ету және табынды тиімді ұстау факторларына назар аудару қажет.

Жайылымдық бордақылау: артықшылықтары мен қауіптері

«Сиыр-бұзау» және өсіріп жетілдіру модельдерін қарастырғаннан кейін біз үшінші модельге, яғни жайылымдық бордақылауға көшеміз. Бұл әдіс көктемде бұқашаларды сатып алуды, жайылымда бордақылауды, содан кейін күзде күніне жарты килограмнан килограмға дейін сатуды қамтиды.

Жем-шөпке кететін шығын аз болатындықтан, бұл перспективалы сектор болып саналады, бірақ жайылымдардың елді-мекендерден қашықтығына және малшының өркениеттен ұзақ уақыт бойы алшақта болу қажеттілігіне байланысты белгілі бір қауіптері бар.

Фотосуретті түсірген: eldala.kz
Фотосуретті түсірген: eldala.kz

Жайылымдық бордақылау жобасына инвестиция салу үшін бұқашаларды сатып алу, жоғары өнімді жайылыммен қамтамасыз ету, маусымға сай тұруға арналған жылжымалы үйлер, су көздері және малшылар үшін жылқылар қажет. Алайда, Қазақстанның заңнамасы қазіргі уақытта жайылымдарды тек аналық мал болған жағдайда ғана беруді көздейтінін атап өткен жөн. Дегенмен, бұл тәсіл жайылымы бар компаниялар үшін қосымша табыс көзі ретінде қарастырылуы мүмкін.

Соңына дейін бордақылау: ірі жобалар мен ет сапасы

Төртінші түрі — соңына дейін бордақылау, малды союға дейінгі бордақылаумен айналысатын ірі бордақылау алаңдарын қамтиды. Бұл жағдайда азықтың шамамен 70-90%-ы концентрацияланған жем-шөп болып табылады.

Негізгі мақсат — салмақ қостыру ғана емес, сонымен қатар еттің сапасының көрсеткіші болып саналатын мәрмәрлігін арттыру. Америкада ет сапасының әртүрлі градациялары қалыптасқан, мысалы: Селект, Чойс және Прайм. Олар өнімнің түпкілікті бағасына әсер етеді.

Фотосуретті түсірген: eldala.kz
Фотосуретті түсірген: eldala.kz

Боржақылаудың бұл түрі мамандандырылған алаңдар салуға, малға қызмет көрсетуге арналған техникаға, жаппай азықтандыруға және жануарларды күтуге арналған жабдыққа айтарлықтай инвестиция салуды қажет етеді. Мұндай көлемдегі жобалар заманауи инфрақұрылымды және ветеринариялық қызмет көрсетудің жоғары деңгейін талап етеді.

«Модельдердің дәл осы күйінде болуы міндетті емес екенін ескере кету керек. Фермерлер ресурстарға, жағдайларға және сыртқы факторларға байланысты әртүрлі модельдерді біріктіре алады. Мысалы, «сиыр-бұзау» жүйесіндегі ферма күзде өсіру үшін бұқашалардың бір бөлігін қалдыруы мүмкін, ал көктемде оларды күзде сату үшін жайылымдық бордақылауға қоюы мүмкін. Фермерлер жан-жақты болуы керек. Жергілікті нарықтағы қиындықтар мен кейбір шектеулерге қарамастан, фермерлер бизнестің қаржылық көрсеткіштері мен техникалық аспектілері бойынша талдауларға сүйене отырып шешім қабылдай алады», — деп есептейді Динара Жақыпжанова.

Сонымен, төрт модельді талдай отырып, оларды Қазақстанда табысты қолданудың әлеуеті бар деп айтуға болады. Алайда, нарықтың және де еттің жоғары сапасын бағалаудың дамымауы сияқты қиындықтармен кезігіп қалу мүмкіндігіне қарамастан, қазақстандық фермерлер шешім қабылдауда икемділікке ие және мал шаруашылығындағы бизнес-модельдердің әрқайсысынан өз орнын таба алады.

Ірі қара мал жобаларының қаржылық аспектілері мен осы бизнестің техникалық қыр-сырын BaiBolsyn платформасындағы фермерлерге арналған EL BAYLYGY | БОГАТСТВО НАЦИИ курсының дәрістерінен толығырақ біле аласыздар.

Телеграмда курс тыңдаушыларының қатарына қосылыңыз. 300-ден астам қатысушы мен курстың дәріскерлері осында: https://t.me/baylygy

Мұнда сіз өзіңізді қызықтыратын тақырып бойынша дәріскерлерге сұрақтар қоя аласыз.

Курсты телефоннан, жылдам көруге жасанды интеллект негізіндегі жасалған телеграм-бот көмектеседі. Бұл сіздің кез келген жерде қалтаңыздан табылатын курс және жеке көмекшіңіз: https://t.me/ELBAYLYGYBOT

Узнавайте первыми самые свежие новости агробизнеса Казахстана на нашей странице в , подписывайтесь на нас в или на нашу рассылку.
Біздің серіктестер