Павлодар қаласының «Құлагер» ипподромы Қазақстандағы ең ыңғайлы атшабарлардың бірі. Ипподромның төсеніші құм болған соң, шаң көтерілмейді. Ал айналым бұрылыстарының барлығы стандарттарға сай келеді. Ат бабын білетіндер солай деп отыр. Дүлдүлдер дүбірін тамашалауға келген жергілікті халықтың қарасы қалың.
Қазақстан Республикасының бәйге жарыстарының 6- іріктеу турниріне еліміздің әр өңірінен келген 46 тұлпар қатысты. Олар «Құнан бәйге», «Топ бәйге» және «Аламан бәйге» бойынша бақ сынасты. Жүлде қорына 23 500 000 теңге тігілді.
Ең бірінші ұйымдастырылған он шақырымдық құнандар жарысына 17 шабарман қатысты. Абзал Тұрғанбек мінген Лашын атты құнан бірден топ бастап кетті. Лашын тұлпар жол бойы қарқынынын еш бәсеңдетпеді. Ғажайып өнер көрсетті. Сөйтіп, мәре сызғын алғаш болып кесіп өтті. Екінші болып он жетінші нөмірлі Алматы облысынан қатысқан Көгершін атты тұлпар келді. Шабарманы - Болат Әбдікәрім. Ал үздік үштікке Айбарша есімді тұлпарымен Аңсар Арыстанбек ілікті.
Ал топ бәйгенің қашықтығы сегіз айналымға созылды. Оған он бес сәйгүлік қатысты. Арасында Хантәңірі, Адмирал, Айналайын деген фаворит жылқылар да бар. Сарапшылардың атап өткен аттары осы. Топ бәйгенің жылдамдығы жоғары болғанымен, аттар еш іркілмеді. Сонымен, алғаш болып Ардана тұлпарын тізгіндеген Мирас Нағашыбай келді. Ер Тұран атты сәйгүлік те суырылып алға шықты. Оған екінші орын бұйырды.Үшінші орын Шырақ есімді сәйгүлігі бар Нұрәли Нұржанұлына тиді.
Бұл ретте, ауа райының қолайлығы аттардың қатты шаршауына жол бермеді. Керекудің қоңыр салқын желі есіп тұрды. Көрермендер де көріністі жайлы отырып тамашалады.
Ал аламан бәйгенің қашықтығы — жиырма төрт шақырым. Жарыс жолына он бес ат шықты. Оған төзімділігі мен дайындығы мықты тұлпарлар ғана қатысады. Өйткені, он екі айналымды мәреге дейін айналып өтуге біраз күш қажет. Аламан әдеттегідей тартысты өтті. Көш бастап келген — тоғызыншы нөмірдегі Жамбыл облысының Тамаша есімді сәйгүлігі. Екінші болып «Тойбастар» тұлпарымен Абзал Тұрғанбек, ал үшінші болып «Толқын» атты атымен Даниял Ақбаев келді.
Сондай-ақ, Қазақстан чемпионатының аясында қыз-келіншектер арасында «Ұлттық киім — ұлт ажары» байқауы өтті. Жүлде қоры — 1 млн теңге. Оған 16 және одан жоғары жастағы 33 үміткер қатысты. Бұл байқаудың ерекшелігі — қатысушылар киімдерді өз қолымен тігуі қажет болды.
Айта кетейік, осы турнир жарыстарының түрлерінен алғаш болып келген бес ат финалға жолдама алды. Жалпы, жарыс жүйелі, жолға қайылғаны байқалады. Осы орайда, Қазақстан чемпионатының іріктеу кезеңі еліміздің оңтүстік өңірінде он алтыншы қыркүйекте Алматы қаласында өткізілетінін атап өткен жөн.