Бұл күні ат спортына құмар әуесқойлар мен кәсіби спортшылар өз шеберлігін паш етіп, адал сайыс аясында бәсекелестік атмосферасын сезіне білді. Бастысы, жеңімпаздар Тараз қаласында өтетін Қазақстан Чемпионатының финалына жолдама ұтып алды. Сонымен қатар, турнир аясында бұл жолы алғаш рет жүлде қоры 2 600 000 теңге болатын Жорға аттар арасында «Жорға-жарыс» өткізілді.
Көкшетау ипподромы қаладан он екі шақырым жердегі Красный Яр ауылында орналасқан. Шаһардан жырақта болғанымен, күннің ыстығына қарамастан, бүгінгі дүлділдер дүбірін тамашалауға жиналғандардың қарасы қалың. Жергілікті халық үшін бәйге - мереке іспеттес. Балалар да ат жарысты мейрам ретінде қабылдайды: ата – аналарына түрлі тәтті сатып алғызуға себеп бар.
Шараның ашылу салтанатына Көкшетау қаласы әкімі Ғайса Бауыржан Сейітқалиұлы, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы президенті Есентаев Тастанбек Құтжанұлы, Қазақстан Республикасы «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев қатысты. Бұл ретте, федерация Абай облысына өрттен кейінгі қолдау ретінде 1 млн теңге бөлінетінін хабарлады.
Көкшетау қаласындағы ат жарысына қатысу үшін еліміздің әр түрлі өңірінен 50-ден аса өтініш түскен. Чемпионатта Құнан бәйге, Топ бәйге және Аламан бәйге бойынша ат жарысы өтті. Ортақ жүлде қоры - 20 900 000 теңге болды.
Құнан бәйгеде I орынды Алматы облысынан келген Ділнұр Нұрмұқаш иеленді. II орын Мырзахмет Шыныбекке (Жамбыл облысы) тиді. үшінші орынға Мардан Жанболат (Қарағанды облысы) жайғасты.
Топ бәйгенің жүлде қоры - 7 100 000 теңге болды. Бұл жарыста Бекзат Ділдәхан (Алматы облысы) оза шапты. II орынды Ділнұр Нұрмұқаш (Алматы облысы) алды. Үшінші орынды Олжас Айтбай (Қостанай облысы) иеленді.
Ең тартысты жарыс – Аламан бәйгеге келсек, мәре сызығынан Хамза Марланұлы (Жетісу облысы) бірінші болып өтіп, жарыстың бас жүлдесі 5 000 000 теңгені қанжығасына байланды. II орын шабандоз Исламнұр Ертөстің (Астана қаласы) еншісіне тиді. Үшінші орынға Асланбек Әбдіқал (Астана қаласы) жайғасты.
Айта кетейік, Аламан бәйгеде топ жарған шабандоздың жасы небары 8-де. Ауқымды жарыстарға қатысып жүргеніне екі жыл болған. Ат құлағында ойнайтын бүлдіршін әкесінің бапкер екенін айтты. Жеңіске жетелеген де осы: әкесі мен ұлының үздік тактикасы.
Енді Хамза жүйрік жылқысы Жұмыртұяқпен алдағы уақытта ҚР Президентінің кубогына дайындығын бастамақ.
Фариза Калимурзина