Гуцуль пони
Тұқымның атауыЖылқылар
Жануардың түріМініс-жегін
БағытыГуцул жылқыларының Отаны Шығыс Карпаттың (қазіргі Румыния аумағы) гуцул ауданы болып табылады. Гуцул жылқысы – жергілікті тау жылқылары тұқымы. Тұқымның ата-тектері карпат типті жабайы тарпандар болып саналады. Гуцул тұқымының қалыптасуына Пржевальский жылқылары, жергілікті жұмыс жылқылары, ал кейінірек араб тұқымының жылқылары әсер етті. Гуцул жылқылары алғаш рет 1603 жылы еске алынды. Бастапқыда Буковин Карпатының қатал жағдайларында өсірілетін гуцул жылқыларында жабайы жылқылардың барлық белгілері болған. 1856 жылы Радовецкий жылқы зауытының жанында гуцул жылқыларын өсіретін Луцина (Luczina) жылқы зауыты салынды. Билігі гуцул жылқыларының бастапқы мекендеген аймағына дейін таралған Австрия-венгриялық монархия кезінде, олар атты әскерде пайдалану үшін жүйелі түрде мақсатты сұрыптауға ұшырады. Сол кезден бастап асыл тұқым кітаптары жүргізіле бастады. Гуцул жылқыларының ең көне желілері де сол кезеңге барып тіреледі.
Гуцул пониінің биіктігі 122,5-132,5 см. Түсі торы, қара торы, жирен немесе тышқан түсті. Дене құрылысы: басы әлжуаз, кішкентай, құлақтары кішкентай және көздері өткір. Мойны қысқа, күшті және бұлшық етті, арқасы шағын, шоқтығы мықты, төмен қондырылған. Иықтары айтарлықтай түзу, бұл қадамының қысқа, биік болуына әкеледі. Оның әдетте терең, кең кеудесі, мықты аяқтары, кейде сиырдың аяқтары сияқты қойылған болады.
Барлық тау тұқымдары сияқты, гуцул пониі өте табанды, төзімді және қоршаған ортаның айрықша жағдайларында өмір сүруге қабілетті. Олардың қадамы таңқаларлық сенімді және бүгінгі күнге дейін жүктерді таудың тік соқпақтарымен тасымалдау үшін пайдаланылып келді. Сондай-ақ жеккенде, балаларға арналған мінетін пони ретінде де пайдаланылады. Дәстүрлі түрде гуцул жылқысын таулы шаруа қожалықтарында әртүрлі жұмыстар үшін пайдаланады. Бұл өте әмбебап пони. Қоршаған ортаның қатал жағдайларының арқасында олардың денсаулығы мықты және көптеген ауруларға төзімді. Сондай-ақ олардың аяқтары таңқаларлық зор және мықты, қатты тұяқтары тағалауды қажет етпейді. Гуцулдардың мінезі тамаша, олар оңай үйренеді және балаларға өте ыңғайлы. Бұдан басқа, олардың туа біткен секіру қасиеттері, үлкен күші мен төзімділігі бар.